
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев Маңғыстау облысына іссапармен барып, бірқатар іс-шараға қатысты.
Алдымен қор басшысының қатысуымен облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық акциясы жүзеге асты. Жыл басында жас жігіт пен жаңа туған нәрестенің еміне қаражат жинау басталған еді. «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев жиналған қаражатты арнайы мұқтаж екі отбасыға табыстады.
Бұдан кейін қор басшысы Жаңаөзен қаласында орталық «Әбіш қожа» мешітінің жамағатымен жүздесіп, насихат айтты. Мақсатбек Мақсотұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының атқарып жатқан іс-шаралары, жаңаша бастамалары және 2025 жылға арналған жаңа жұмыс жоспарлары жайлы баяндады. Сондай-ақ, ислам дініндегі қайырымдылық жасаудың мән-мағынасы мен өзіндік ерекшеліктері туралы сөз қозғап, мұсылман бауырларды жақсылықты көбірек жасауға шақырды.
Сондай-ақ Мақсатбек Мақсотұлы «Зекет және қайырымдылық» қоры Маңғыстау өкілдігінің ұйтқы болуымен Қарақия ауданы Жетібай ауылдық «Сүйінғара батыр» мешітінде өткен қайырымдылық шарасына қатысты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасында қор директоры көмекке мұқтаж 35 отбасыға азық-түліктер салынған қораптарын үлестірді. Сондай-ақ, Мақсатбек Мақсотұлы көмек алған жандарға насихат айтып, сынаққа мойымауға шақырды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру