
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда аудит жұмыстарын жүргізді.
Аудит барысында «РОКОС» шұжық цехы, «Айс» сүт зауыты, «Рамазан» құс фабрикасы және сертификаттаудан өтуге өтініш білдірген «Молочные истории А» сүт және сүт қышқылды өнімдер кәсіпорны тексерілді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары, фаст-фуд дәмханалары, кондитерлік цехтар, ет дүкендерінде де бақылау-қадағалау шаралары жүргізілді.
Тексеру барысында кәсіпорындардың халал стандарты талаптарына сәйкестігі жан-жақты сарапталып, өндіріс процестері, қолданылатын шикізаттар, сақтау және тасымалдау шарттары мұқият қаралды. Сонымен қатар, жұмысшылардың халал талаптары бойынша біліктілігі бағаланып, санитарлық-гигиеналық жағдайлар тексерілді.
Аудит нәтижесінде бірқатар кәсіпорындарға өз қызметін одан әрі жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығына халал стандарттарының маңыздылығы түсіндіріліп, олардың сапалы әрі шариғат талаптарына сай өнім өндіруінің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, Айбек Асқарбекұлы Ақтөбе облысының имамдарына оқу-семинарын өткізді. Семинар барысында имамдарға халал стандарттарының негізгі талаптары, кәсіпорындарда жүргізілетін аудит тәртібі және тұтынушыларға дұрыс ақпарат беру жолдары түсіндірілді. Халал өнімдерді таңдау кезінде кездесетін күмәнді факторлар мен олардың шешу жолдары жөнінде кеңестер берілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру