
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Асыл дінімізде де адал еңбек етіп, өз нәсібін қол екі кәсібінен тапқан адамның Алла жолында жүргендей сауапқа ие болатындығы айтылған.
Осы орайда, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Абай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Адал еңбек еткенің, Алла жолында жүргенің» деген атаумен қала тазалықшыларына арналып ақ дастархан жайылды.
Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы дастарқан басына жиылған қонақтарға жылы лебізін білдіріп, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, Абай облысына арнайы іссапармен келген ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, РАНТ мүшесі Мақсатбек Мақсотұлы Ислам дініндегі адал еңбектің маңыздылығы туралы насихатын айтты.
Кеш қонақтарына қазақы ән мен жырдан шашу шашылып, жергілікті өнерпаздарымыз қонақтарды бір серпілтіп тастады.
Сондай-ақ, қаламыздың тазалығы үшін күндіз-түні талмай еңбек етіп жүрген жандарға айрықша құрмет көрсетіліп, 10 жұмысшыға арнаулы сыйлықтар табысталды. Оның ішінде зейнеткерлікке шығуға таяп қалған, көпбалалы, еңбең өтілі ең көп, 30 шақырым жерден жұмысқа келетін және ерлі-зайыпты жұмысшылар болды. Бұдан бөлек Зекет қайырымдылық қоры басшысының атынан көпбалалы 3 анаға 100 мың тг көлемінде ақшалай сыйлық та табысталды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру