
Бүгін Жетісу облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылға арналған Бағдарлық баяндамасына орай имамдардың кеңейтілген отырысы өтті.
Шараға өңірге қарасты барлық қала, аудандардың бас имамдары қатысты. ҚМДБ-ның Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы сөз сөйлеп бірқатар маңызды мәселелерді атады.
Бас қосу қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Бас имам өз баяндамасында 2025 жылдың «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланғанын атап өтіп, отбасылық тәрбиенің, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, Жетісу облысы ҚМДБ бекіткен бес бағыт бойынша жоғары баға алғанын жеткізді.
«Биылғы жылы имамдар төрт негізгі бағытта жұмыс атқарады: Дін мен дәстүр, Ихсан және насихат, Діни оқу-ағарту, Жат діни ағымдардан», - деп атап, бас имам жауаптыларды бекітті.
Алдағы уақытта ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай біршама іс-шаралар және Республикалық Құран жарысы Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында атқарылмақ. Сонымен қатар шарада Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ «Жарғысында» бекітілген негізгі Құрылымдардың қатарына «Тәртіптік кеңес» енгізілгені тілге тиек болды.
Жиын соңында өңірдегі діни қызметтің дамуына ерекше үлес қосқан имамдар ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.
Бас имам дін қызметкерлеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, атқарылатын жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, мешіттерді заңды рәсімдеу, жаңа мешіттердің құрылысын тек ресми рұқсатпен жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, жиынға өңір имамдарымен қатар, Жетісу облысының дін істері басқармасының басшысы Жаңабай Сағыныш Асқарұлы қатысып, жылы лебізін білдірді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру