Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ – ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНДЕ

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі asyldin.kz 17.12.2024 2800 0 пікір
БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ – ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНДЕ

ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Аманқұл Жамбыл облысына іссапармен барып, бірнеше іс-шараға қатысты.

Атап айтқанда, РАНТ мүшесі М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті студенттерімен кездесті. «Ізгі қоғам жастары» тақырыбында өткізілген рухани-танымдық кездесуге Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы мен оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер қатысты. Кездесу барысында Хасан Ташайұлы «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбында дәріс оқып, жастарды ізгілікке, рухани тазалыққа шақырып, адамгершілік қасиеттерді бойға сіңірудің маңыздылығын атап өтті. Ол қазіргі қоғамда жастардың білім алумен қатар, ұлттық және діни құндылықтарды ұстанудың маңыздылығына тоқталды.

Содан кейін бөлім меңгерушісі «Һибатулла ат-Тарази» орталық мешітінде «Тәуелсіздік – үлкен нығмет» тақырыбында жұма уағызын айтты. Жұма намазынан алдын Құран Кәрімді толығымен жаттап бітірген осы мешіт жанындағы «Қарилар дайындау орталығының» шәкірті Еркінұлы Бексұлтанды арнайы сертификатпен марапаттап, Ұмра қажылығына жолдама табыстады. Сондай-ақ жұма намазына жиналған жамағатқа Құран жаттаудың артықшылықтары мен пайдасын түсіндіріп, жас қариға батасын берді. Облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы жас қаридың ұстазы Бірлік Аманкелдіұлына алғысын білдіріп, оның қажырлы еңбегін жоғары бағалап өтті.

Сонымен қатар, Хасан Ташайұлы мен Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы имамдармен кездесіп, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының тапсырысы бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын жүргізу тәжірибесін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған 5 күндік оқу курсының қорытынды жиынына қатысты. Сертификат тапсыру рәсімінде Хасан Ташайұлы имамдармен діни сауаттылықты арттыру, қоғамдағы экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімді жолдары мен жастарға дұрыс діни тәрбие беру тақырыптарында пікір алмасты. РАНТ мүшесі діни кадрлардың білімін жетілдіру мен олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. 

Сапар барысында ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаевпен бірге Тараз қалалық №59 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесіп, уағыз-насихат айтты. Кездесуде Хасан Ташайұлы діннің шынайы мәні туралы түсіндіріп, жат ағымдардың қоғамға тигізетін теріс әсерлеріне тоқталды. Ол жазасын өтеушілерге исламның бейбітшілік пен мейірімділік діні екенін айтып, радикализм мен экстремизмнің діни іліммен еш байланысы жоқтығын баса айтты. Сондай-ақ, радикалды идеялардың қауіптілігі туралы айтып, олардың негізгі белгілерін танып-білу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, рухани құндылықтарға негізделген өмір салтына бет бұрудың артықшылықтарын атап өтті. 

Келесі күні Хасан Ташайұлы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі студенттерімен және Құран қариларын даярлау орталығының шәкірттерімен кездесті. Кездесуге медресе-колледж директорының орынбасары Исатай Оразов та қатысты. Мұнда Хасан Ташайұлы жастарға діни білім алудың маңыздылығы мен сауатты дін қызметкері болудың жауапкершілігі туралы баяндады. Сонымен қатар, діни қызметтің ерекшеліктері мен қазіргі сын-қатерлерге дайын болу үшін жан-жақты білім алу қажеттілігін жеткізді.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру