ҚМДБ Ғұламалар кеңесі және РАНТ мүшесі, «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласына іссапармен барды.
Кездесулер Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде басталып, жамағатқа «Исламдағы уақыттың құндылығы» туралы уағыз айтып, жамағатпен дидарласты. Келесі күні Арман Баймаханұлы «Халифа Алтай» мешітінің кітапханасында Шығыс өңіріне қарасты дін қызметкерлерімен жүздесіп, «Ислам фиқһынан» дәріс өткізді. Сапар барысында Өскемен қалалық «Мухамади» мешітінде жамағатқа «Берекенің бастауы – бірлік» тақырыбында бесін уағызын айтты.
Сонымен қатар ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студент жастармен кездесіп, оларға қазіргі уақытта белең алып отырған жат діни ағымдардың зияны, дәстүрлі ислам жайлы өзекті тақырыптардан насихат айтты. Арман Қуанышбаев: «Жат ағымдардан аудақ болудың ең басты алғы шарты ол діни сауаттылықтың болуында. Ислам дінінің хақ дін екендігін қазіргі таңда күллі дүние жүзі мойындауда. Алайда таза (саф) дінімізді өзгелерге жаман қылып көрсету үшін түрлі топтар мен олардың сенімдерінің соңы түрлі фитнәларға (іріткі) апарып жатқандығын да еш жасыра алмаймыз. Асыл дінімізде «Әрбір дұрыс емес жасалған істің себебі-білімсіздіктің салдарынан болып табылады» делінген. Сондықтан жат ағымдарға ермеудің бір ғана жолы діни сауаттылықты арттырып, исламның ақ жолымен жүру керек» деп жат ағымдардан сақтану жайлы тұщымды тағылымдар айтты.
Арман Қуанышбаев Өскеменде жаңадан ашылған «Әл-Фараби» мешітінде болып, жамағатпен жүздесіп, әлеуметтік желіде отырған кезде әртүрлі сайттардан сақ болу, қай уағызшыларды тыңдау, дін мен дәстүр сабақтастығы қатарлы мәселелерді уағыз-насихатына арқау етті. Кездесу соңында жамағаттар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды.
РАНТ мүшесі биылғы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылының аясындағы шараларға тоқталып, дін мен дәстүр сабақтастығын кең ауқымда насихаттады.








ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
furqan.kz
10.12.2024
2821
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру