Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚОСТАНАЙДА ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі akmechet.kz 13.11.2024 1549 0 пікір
ҚОСТАНАЙДА ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

ҚМДБ Қостанай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде діни рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын алу жөнінде конференция өтті.

«Дін мен дәстүр: Ысырапшылдықтың алдын алу» тақырыбында өткен жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уалиев, зиялы қауым өкілдері, мешіт ақсақалдары қатысты.

Алдымен наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы сөз алып: «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш рет елімізде Діни басқарма құрылып, қаншама имандылық ордалары бой көтеріп, қазіргідей деңгейге жеттік. Халықтың оған деген құрметі артты. Бүгін де қалың жұртшылықтың қамын ойлап өзекті мәселені жиынға арқау етіп отырмыз» деді. Өзінің «Ысырапшылдықтың бұл дүниедегі және ақыреттегі қоғамға зияны» тақырыбындағы жасаған баяндамасын барлық қатысушылар ұйып тыңдады.

Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Қазақстан Жазушылар Одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбеков, Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің алқа мүшесі, ауданның құрметті азаматы Кенесары Мырзахметов, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі, Қостанай ауданының құрметі азаматы Әбдікәрім Баекеновтер көтерілген мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ есімі көпке таныс абыз ақсақалдар Торғайбай Уәлиев, Жандарбек Сейітов, мемлекет және қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық және басқалар сөз сөйлеп, бұл басқосудың аса маңыздылығына тоқталды.

Жиын соңында қатысушыларға Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қабылданған шешімді конференцияға қатысушылар назарына ұсынды. Шешімде: Қонақ асын тоқтату (жаназадан бір күн бұрынғы берілетін кешкі ас); ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ, нан, қант, кәмпит-печенье, су, шәй, ыстық тамақ); ҚМДБ-ның «Қамқор - шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру; жылдық астарында көрсетілетін бейне - роликтерде (қойылатын әуенге (музыка) назар аудару, алкогольді ішімдігі бар бейне және фото көріністерінің, әуреті ашық киімдердің болмауы); жаназа астарын жиналысқа айналдырмау. Онда үш адамнан артық кісіге сөз бермеу секілді өзекті мәселелер қамтылды.

Конференциядан кейін қабылданған шешімге сейкес үлгі ретінде жиналған қауымға облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің асханасында дастархан жайылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру