Осы аптада ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, РАНТ мүшесі Думан Сайфуллла Көкшетау қаласына іссапармен барып, бірқатар кездесулерге қатысты.
Алдымен осындағы жоғары білімнің қарашаңырағы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студент жастармен кездесіп, бүгінгі қоғамды толғандырған мәселелер жөнінде тағылымды әңгіме қозғады. Бұл ретте әлеуметтік желілердегі теріс жолға насихаттайтын жазбалардың әсер-ықпалы туралы, одан сақтану жолдарын жіліктеп айтып берді. Жастарға елдің ертеңгі тірегі болар істерге ұйытқы болу үшін көп білім алу керек деді ол.
Ал «Науан хазірет» мешітіндегі оқырмандармен болған кездесуде өзінің «Қалып» («Qalyp») атты кітабының мазмұнын таныстырды. Жалпы адам жан-жақты болуы үшін кітапты да көп оқуы керек. Күнделікті әлеуметтік желіге құныққан адамдардың көп адасушылыққа ұрынатыны да бар. Кітап оқу арқылы біліміңді ұштап, тағылымыңды арттырып, ізгілікке де шуағын шашатынын қаперден шығармау абзал екенін әсерлі жеткізді.
Бұдан кейін РАНТ мүшесі «Жақия» мешітінде құтпан намазынан кейін жамағатқа уағыз айтты. Онда діни-имани құндылықтар жайлы әңгіме қозғады. Жамағатқа мешіт пен онда атқарылатын діни рәсімдердің әдебін де түсіндірді.
Келесі күні Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімі жауынгерлерімен болған кездесу тақырыбы экстремизмге қарсы іс-әрекеттер турасында өрбіді. «Бұл кеселге ұрынбаудың жолы – имани сауатты болу екені анық. Сондықтан ел қорғау, Отанына сүйіспеншілікпен қараудың астарында патриотизм құндылықтары жатыр. Ел қорғау – қасиетті іс. Әскери адамдарға жүктелер жауапкершілік те жоғары» деп атап көрсетті ол.
Сондай-ақ Думан Сайфулла «Науан хазірет» мешітінде жұма намазына қатысып, уағыз айтты. «Үлкенге құрмет, кішігі ізет» тақырыбын қаузап, қазақы дәстүрлерден аттамау мәселесін жан-жақты әңгімеледі. Мыңдаған жылдар тарихы бар Ұлы даланың үзілмей келе жатқан жақсы сипаттарын мысал етті.
Осы күні Көкшетау қаласы имамдарымен кездесіп, пікір алмасты. Дін қызметкерінің болмыс-бітімі қандай болу керек деген сауал төңірегінде ойларын ортаға салды. «Білімді қызметкерге жамағат та үйір болады. Себебі, әртүрлі ағымдардан жетегіне еріп, адасып жүргендерге жол көрсету білімді имамның қолынан ғана келеді» деді РАНТ мүшесі Думан Нәдірұлы.


























ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақмола облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі
nasihat.kz
29.09.2024
1488
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру