Қасиетті жұма күні Өскемен қаласында жаңа мешіт ашылып, еліміздегі діни құлшылық ордаларының қатары тағы біреуге артты.
Ертістің жағасында сәнді де сәулетті соңғы үлгімен салынған жаңа мешіттің ашылуына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы арнайы қатысты. Ең алдымен сөз алған наиб мүфти Діни басқарма төрағасының ыстық ықыласы мен дұғай сәлемін жеткізіп, жаңа құлшылық ордасының ашылуымен көпшілікті құттықтады.
«Мешіт – Алланың жердегі үйі. Алла Тағала мешітке келіп, алақанын жайып дұға тілеген пендесінің қолын қайтармайды, дұғасын қабыл етеді. Бүгін Мәуліт айының қарсаңында Алтай баурайында жаңа мешіт ел игілігіне беріліп отыр. Мешітіміз жамағатқа толы болсын. Мешіт салған азаматтарға Алла Тағаланың разылығы болсын. Бұл – аса зор сауапты іс» дей келе, жиналған халықты құттықтап, белгілі жырау, профессор Алмас Алматовпен бірге жаңа мешіттің ашылу рәсімін атқарды.
Салтанатты шарада Құран оқылып, еліміздің амандығы үшін дұға жасалды. Жаңа мешітке ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың есімі берілді. Сондай-ақ мешіт салған азаматтарға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Алғыс хаты» табыс етілді.
Бұдан кейін наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы жаңа мешітте жамағатқа жұма уағызын айтты. Жамағатқа «Әл-Фараби» мешітіне имам болып тағайындалған Алмас Айткәрімұлын таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді. Алмас Айткәрімұлы бұған дейін Абай облысы Аягөз ауданында бас имам қызметі атқарған.
Айта кетейік, мешіт заманауи үлгіде салынып, қажетті құралдармен толық жабдықталған. Бұл құлшылық ордасы Өскеменнің халық көп шоғырланып, қанатын кеңге жайған сол жағалау «ЖМК» ауданында салынып отыр. Жаңа мешіттің салтанатты ашылуына ақ шаңқан үйлер тігіліп, өскемендіктер үшін мерекелі қуаныш болды. Ақ шашу шашылып, Алланың үйінде азан айтылып, дүбірлі думанға бөленді. Мешітті ашу рәсімінде ақсақалдар сөз алып, мешіт тұрғызған азаматтарға алғыс білдірді.
Осылайша кәсіпкер Қайнар Дүйсенұлы бастаған жанашыр азаматтар Алла үйінің іргетасын 2022 жылы қалап, 2 жылда 1000 адамға лайықталған зәулім нысанды ел игілігіне ұсынды. Мұнда ер, әйел намаз залдары, жұмыс кабинеттерімен сынып бөлмелері қарастырылған.














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
28.09.2024
2201
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру