Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының Мақат ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында бас имам Мақат тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында бас имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған «Ас беру мәдениеті» құжатымен таныстырып, тұрғындарды жаназа және ас беру кезінде ысырапшылдықтан арылуға шақырды.
«Қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл, орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді» деп атап өтті бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Кездесуге жергілікті мәслихат депуттары және кент әкімдері, садақа басқаратын асабалар, мейрамхана иелері, ақсақалдар, әжелер қатысты.
Бұдан кейін бас имам ауданға жұмыс сапары аясында қайырымдылық шарасына қатысты. Мақат аудандық орталық мешітінде Мәуліт айына орай өткен қайырымдылық шарасы аясында 15 мұқтаж отбасына азық-түлік таратылды.
«Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдық-тың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын!» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.
Осы жұмыс сапары барысында облыс бас имамы жергілікті жастармен кездесті. «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында өткен кездесу барысында Алтынбек Ұтысханұлы «Жастар -руханият шамшырағы» тақырыбында насихат айтты.
Әр елдің болашағы ондағы жастардың тәрбиесімен тікелей байланысты. Жастары білімді, рухани дамыған елдің болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан да ақын Мағжан Жұмабаев:
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн, – деп жас ұрпаққа үлкен үміт артқан. Сондықтан қазіргі жастардың мойнында ата-бабаларының үлкен аманаты бар екенін сезіндіру баршамызға міндет. Үлкендеріміздің жастардың жақсы болуын тілеуі дұрыс. Бірақ, білімді, иманды, тәбиелі ұрпақ – жастық шақтың қадірін түйсігімен түсініп, ақылымен ұғынып, бағалай білгенде ғана қалыптасады» деді бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еркін форматта өткен кездесуде бас имам жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.










ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі
amin.kz
26.09.2024
1471
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру