Жуырда ғана Қостанай облысының және «Аймағанбет қажы Спанұлы» орталық мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалған Бектұрсын Торғайбайұлы өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов бастаған ел ағалары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды. Жаңа қызметін «Аталар сөзі – ақылдың көзі» тақырыбындағы мәнді де мағыналы кездесуден бастаған бас имам аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибесін көңілге тоқыды. Бектұрсын Торғайбайұлы қатысушыларға жиынның алға қойған мақсатын түсіндіре келе, өзінің қызметінде әрқашан да бүкіл саналы ғұмырын еліміздің дамуына қомақты үлес қосқан ардақты ардагерлердің ақыл-кеңесін басшылыққа алып отыратындығын жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған Батырбек Мықансалықұлы Бектұрсын Уәлиевті жаңа қызметімен шын жүректен құттықтай отырып, облыстың өндіріс пен ауылшаруашылығын өркендетудегі табыстарына қысқаша шолу жасады. Өзі жетекшілік ететін ұйымның мүшелері әрдайым мешіт қызметкерлерін қолдауға дайын екендігін білдірді. Ал, өңір тұрғындарына қайраткер тұлға, ғалым ретінде белгілі Есімхан Махметов діннің мұсылман бауырларымызды имандылыққа ұйытатын қасиетті құндылық екендігін, аталмыш мешіттегі өз саласы бойынша аянбай тер төгіп жүрген Бақытжан Икрам және басқа да қызметкерлердің есімін атады. Бас имамға алдағы уақытта табыс тіледі.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қалқаман Жақып, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстағы өкілі, қаламгер Жанұзақ Аязбеков, абыз ақсақал Жандарбек Сейітов, елге танымал азамат Төлеген Шоланов және басқалар өздерін көптен бері толғандырған ой-пікірлерін ортаға салды.
Одан бөлек мешіт асханасында жайылған дастарқан басында ардагерлердің маңызды әңгімелері жалғасын тапты. Онда халық құрметіне бөленген Торғайбай Уәлиев, Жақсылық Кәкенов және өзге де қадірменді ақсақалдар ұлағатты сөздерімен жиналғандарды баурады. Басқосуда жастардың үлкендерді сыйлауы, ұлттық құндылықтар мен ислам дінін ұлықтауы, діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ұрпақтың ана тілінде сөйлеуі, ауылдық жерлерге де сауатты дін қызметкерлерін тарту және өзге де жұртышылықты ойландыратын өзекті жайлар қамтылды. Кездесу соңында бас имам ел ардақтылары мен өмір белестерінен өткен барша ақсақалдарға шын жүректен шыққан алғысын білдіріп, оларға болашақта мықты денсаулық тіледі.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
akmechet.kz
08.08.2024
2181
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру