Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде ат спорты ойындары өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 12.05.2022 409 0 пікір
Өскеменде ат спорты ойындары өтті

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарияланған «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылы аясында Өскемен аймағы өкілдігі имамдар мен жамағат арасында I ат спорты ойындарын өткізді.

Атап айтқанда бұл сайыс көкпар, аударыспақ, қол күресі, гіртасын көтеруден Өскемен қаласы маңындағы атшабарда ұйымдастырылды.

Сайысқа тұлпары сақадай сай имамдар, жамағаттан құралған бірнеше команда қатысып, көкпаршылар білек күші мен аттың бауырында ойнайтын шеберліктерін сарапқа салды. Аударыспақ ойыны да аса тартысты әрі қызықты өтті.

Сайысты тамшалауға халық мол жиналды.

«Осы спорт түрін одан ары дамыту мен жастардың ат спортына деген қызығушылығын оятуға бірнеше шаралар жоспарланып, іске асуда. Ат спорты мен көкпар ежелден келе жатқан ата-бабамыздың ойыны. Біз бабадан мұра болған бұл спорт түрін дамытуымыз керек» дейді Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің ұстазы Бекзат Құсанбаев.  

Сайыстың көрігін қыздырып, халықтың көңілінен шығып, жеңіске жеткен командаларға Өскемен аймағы «Уақып» қоры атынан марапат және сыйлықтар берілді.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мешітінің ұйымдастыруымен Алғабас ауылында шабандоздар арасында көкпар сайысы өтті. Сайысқа Күршім және Алғабас ауылдарынан шыңдалған бірнеше команда қатысса, дүбірлі доданы ауыл тұрғындары тік тұрып тамашалады.

«Көкпар жарысы ауданымыздың көкпар ардагері Арман ағамыздың 50 жасына арналды. Көкпар – ежелден келе жатқан ата-бабамыздың ойыны. Біз бабадан мұра болған бұл спорт түрін дамытуымыз керек» дейді Күршім ауданының бас имамы Тілейбек Соянұлы. Ол сонымен қатар бұл бастаманы іске асырып отырған «Алғабас ауылдық мешіті» ұжымының еңбегін жоғары бағалады.

Сайыс соңында халықтың көңілінен шығып, жеңіске жеткен командалар мешіт атынан марапатталды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру