Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Футбол жеңімпаздары анықталды

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі azan.kz 11.10.2021 550 0 пікір
Алматы: Футбол жеңімпаздары анықталды

Салауатты өмір салтын ұстану бағытында Алматы қалалық дін істері басқармасы мен Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен футболдан турнир өтті.

«Асыл мұра» бағдарламасы аясында 5 маусымда бастау алған турнирге қаладағы 52 мешіттен 3000 ойыншыны қамтыған 300-ден астам команда қатысып, ақтық сайысқа өткен 8 команда финалдық кезеңде бақ сынады. Олар – «әл-Мадина» (Жетісу ауданы), «Омар ибн әл-Хаттаб» (Медеу ауданы), «Байкен» (Бостандық ауданы), «әл-Азим» (Алатау ауданы), «Төле би» (Алмалы ауданы), «Байкен» (Бостандық ауданы), «Қалқаман -2» (Наурызбай ауданы), «Ақсай» (Әуезов ауданы), «Әлмерек» (Түркісіб ауданы) командалары.

Ережеге сәйкес, 8 команда екі топқа бөлініп өзара үздікті анықтады. Ал әр топтан үздік шыққан командалар бірден бас жүлдені сарапқа салса, екінші орындағы командалар жүлделі үшінші орын үшін таласқа түсті. Топтық кезеңдегі ойындарының бәрін жеңіспен аяқтаған Әуезов ауданының «Ақсай» командасы «А» тобының үздігі атанса, «Б» тобында Медеу ауданының «Омар ибн әл-Хаттаб» командасы дара шықты. Осылайша қос мықты турнирдің бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Тартысты өткен ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, матч соңындағы пенальтиде Медеу ауданының футболшылары дәлдік танытып үшінші рет ұйымдастырылған мешіт жамағаты арасында футбол турнирінің чемпионы атанды. Жүлделі үштікті Бостандық ауданының «Байкен» командасы түйіндеді.    

«Мақсат – мешіт жамағатын бір-бірімен таныстырып, ауызбіршілігін арттыру. Теріс ағымның алдын алу шараларында тек уағыз-насихат емес, осындай спорттық шараларға қатыстыра отырып бейімдеу» дейді қаланың бас имамы.

Жарыс соңынан Алматы қаласының бас имамы Төле би Оспан және Алматы қалалық дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке тамаша ойын өрнегін көрсеткен футболшыларға алғыс айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Бірінші орын алған «Омар ибн әл Хаттаб» футболшылары бас кубок пен 1 млн теңге сыйақыны иеленді. Екінші орын алған «Ақсай» ойыншыларының бәріне бір-бірден велосипед табысталды. Сондай-ақ жүлделі үшінші орыннан көрінген Бостандық ауданының футболшыларына спорт киімдер жиынтығы тарту етілді. Жамағаттың турнирге қатысуын қамтамасыз еткен 8 ауданның имамына алғыс хаттар табыстады.

«Біздің шарамыздың мақсаты – мешіт жамағатын салауатты өмір салтына тарту, насихаттау. Спорттық шараларға белсенді түрде шақыру», – деді қалалық дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.

Жамағат бірлігіне бағытталған спорттық шара қала әкімдігінің қолдауымен қазан айында волейболдан сайыс ретінде жалғасын таппақ. Бастысы осы жарыс арқылы жамағат арасында өзара ынтымақ пен бірлікке тағы бір қадам жасалды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі