Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Кенжетай Байкемелұлының төрағалығымен Рамазан айы қарсаңында жиын өтті. Жиынға қала мен аудан имамдары қатысты.
Басқосуда өңірдің бас имамы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады. «Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні болады» деді Кенжетай Байкемелұлы.
Сондай-ақ бас имам 1 сәуірде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Рамазан айы қарсаңында өткен кіші төралқа мәжілісінде қаралған мәселелер мен соңғы шыққан пәтуаларды ортаға салды. Сонымен қатар Бас мүфтидің Рамазан айында атқарылатын іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыруға бағытталған үндеуін түсіндіріп, аудан имамдарына бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, мешітке, көпшілік-қоғамдық орындарға, көшелерге «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен бірегей құттықтау баннер мен плакаттар ілу, оразаға қатысты ҚМДБ ұстанымдары мен пәтуаларын кеңінен насихаттау, сұрақтарға жауап беру, Рамазан айында халыққа Ихсан ілімі аясында онлайн уағыз-насихат айту, мешіттер мен әлеуметтік желі парақшаларында «Онлайн Құран хатым» жобасын өткізу, «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауызашар қоржыны», «Қолдан қолға» акциялары мен «Рамазан» керуені қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру сынды мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Мұнымен қоса Кенжетай Байкемелұлы Рамазан айында өтетін шаралар кезінде карантин талаптарын қатаң сақтауға, қала мешіттерінде тазалыққа мән беруге шақырды.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі
qyzyljarmeshit.kz
09.04.2021
2760
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру