Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасына бірауыздан үн қатқан Семей өңіріне қарасты мешіттер ораза айында қайырымдылық шарасын өткізуде үлкен белсенділік танытып келеді. Қасиетті Рамазан айының әр күнінде 200-250 адамға ауызашар пакетін ұсынуда.
Таяуда Семей өңірі имамдары және «Зекет» қоры ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жыл толуына орай 175 отбасына «Рамазан қайырымдылығы» ұйымдастырылып, азық-түлік таратылды. Сондай-ақ дін қызметкерлері ораза тұтқан қариялардың шаңырақтарына ауызашар пакетін апарып, құрмет көрсетті.
«Мақсатымыз – жылдағы ауызашар дәстүрін жалғастырып, қиын кезеңде жамағаттарға қолдау көрсету. Мұндай ауқымды істі тек бір мешіт қызметкерлерінің атқаруы қиын. Бізге бірінші кезекте жомарт жандар қолдау көрсетуде. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам» десе, ұлттың рухани ұстазы Абай бабамыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген. Сол айтқандай осы асыл қасиеттерді бойына дарытқан Абай елінің мәрт азаматтарына айтар алғысымыз мол. Сын сағатында мешіт есігі уақытша жабылғанымен, хакім атамыз айтқан жылы жүректі жандарға Рамазан айында мейірімділіктің, сауаптың есігі айқара ашылуда» дейді Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқанов.
«Биылғы Рамазан айы қалай өтер екен деп жүрегіміз күпті болған еді. Аллаға шүкір, қасиетті айда бас имамымыздың жетекшілігімен ауқымды қайырымдылық шаралары атқарылуда. Сонымен қатар имамдарымыз жергілікті теледидар, интернет арқылы жұртшылыққа рухани азық болатын тағылымды уағыздар айтуда. Осындай ауыр кезеңде қиядан жол тауып, халыққа қызмет көрсетіп жатқан азаматтарға Алланың нұры жаусын» деді ардагер дәрігер Гүлжиһан Жұматаева.
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда жетпіс парыз өтегеннің сауабын алады» деген. Осындай берекелі айда көптеген сауапты істерді атқарып, еліміздің береке-бірлігін асқақтатып жүрген ұлтжанды азаматтардың кәсібіне табыс тілейміз!



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Семей өңірі өкілдігінің баспасөз қызметі
12.05.2020
2870
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру