Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Бас имам «Адалдық алаңында»

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 29.04.2020 3600 0 пікір
Ақтөбе: Бас имам «Адалдық алаңында»

Әлемдегі коронавирус пандемиясына қарамастан, исі мұсылман қасиетті айды қуана қарсы алды. Еліміздің басқа мешіттері секілді, 23 сәуірде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Құран хатым онлайн режимде оқылып басталды.

Ерекше басталып, өзгешелеу жалғасатын Рамазанға орай, жалпы жұртшылық тарапынан туындайтын сауалдарды ескере отырып, өңірдің Бас имамы Төлеби қажы Оспан «Ақтөбе – адалдық алаңында» арнайы болып, көрермен қауыммен тікелей эфирге шықты.

Онлайн жүздесуде Төлеби Дәділұлы ақтөбеліктерге биылғы ораза ұстаудың тәртібі айрықша болатынын айтып: «Жалпы жамағаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында намаз оқу, құран бағыштау үшін мешіттерде жиналуға шектеу қойылып отыр. Дәл қазіргі уақытта әрбір адам құлшылығын өз үйінде атқарғаны абзал болып отыр», - деп атап көрсетті.

Сонымен қатар Төлеби Дәділұлы Рамазанда берілетін пітір садақа мөлшері әр адамға шаққанда 370 теңге құрайтынын еске салды. Садақа беруде де жаңалықтар барын, үйде отырып-ақ, садақа беруге мүмкіндік туғанын жеткізді. Пітір садақасы мен зекетті Homebank, Kaspi.kz, ForteBank мобильді қосымшалары арқылы онлайн төлеуге болады. Сондай-ақ, мешіттердің сыртында және ірі гипермаркеттерде жәшіктер қойылған.

Мұнымен бірге «Ақтөбе – адалдық алаңында» көрермендер тарапынан тақырыпқа қатысты сұрақтар қойылып, нақты жауабы берілді. Төлеби Дәділұлы төтенше жағдайдан тысқары кезде мешіттерде жамағат арасында жемқорлық тақырыбында, одан туындайтын әлеуметтік мәселелер жөнінде уағыз-насихат жиі жүргізілетінін тілге тиек етті. Әрі жерлестерімізді әрқашан бір-біріне құрметпен қарауға шақырды.

Тікелей эфир соңында өңірдің бас имамы Т.Оспан ұлық айда мешіттерде қайырымдылық акциялары жалғасатынын айта келіп, онлайн кездесуді: «Ораза айтын Елмен бірге тойлауды жазсын!» деген ізгі лебізбен түйіндеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру