Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Смайл Сейтбеков Тараз қаласының жамағатымен жүздесті

Халал өнімдерін стандарттау бөлімі 28.02.2020 2465 0 пікір
Смайл Сейтбеков Тараз қаласының жамағатымен жүздесті

Сертификатталған кәсіпорындарда бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында Жамбыл облысына арнайы іссапармен барған халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі С.Сейтбеков «Һибатулла Тарази» мешіті жамағатымен кездесті.

Ақшам намазынан кейін өткізілген жиында жергілікті жамағатқа «Халал Дамудың» атқаратын қызметі мен міндеті, бағыттары, сертификаттау барысында қойылатын басты талаптардың ерекшелігі, өнімдерді лабораториялық сынақтан өткізудің тиімділігі, бақылау-қадағалау жұмыстарының жүргізілуі, шет елдік және отандық сертификатталған кәсіпорындардың қадағалалануы, халықты ақпараттандыру мақсатында еліміз бойынша өткізіліп жатқан оқу-семинарлардың маңыздылығы түсіндірілді.

Шариғатымыздағы халал мен харам түсінігі, адал астың құлшылығымыз мен күнделікті өмірімізге беретін пайдасы, харамның ақыретіміз бен денсаулығымыз үшін тигізер зиянына да кеңінен тоқталып өтті.

Сонымен қатар, халал өнімдер дайындау технологиясы, халал өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын стандарт талаптары, рұқсат етілген және тиым салынған Е тағамдық қоспалар, халал стандарты бойынша тағамдық қызметтер ерекшелігі, шариғат және халал стандарт талаптарына сай мал сою және ет өңдеудің маңызды тұстары ашып айтылды.

«Жамбыл облысы - шұжық өнімдерін өндіруші компаниялардың ең көп шоғырланған, маңызды өндіріс аймағы. Еліміздің әр өңіріне жеткізілетін шұжықтардың басым көпшілігі осы өлкеден тасымалданады. Ет өнімдерін тұтынуға көпшіліктің жағдайы көтере бермейді. Халыққа қиындық туғызбау мақсатында, тұтынушыларға сапалы әрі халал шұжық өнімдерін ұсынуды көздеген кәсіпорындардың көбейюі көңіл қуантады. Алайда, еліміздегі күллі мұсылманның халал ас тұтынуы біздің тікелей бақылауымыз бен қадағалауымызды қажет етеді. Сол себепті, «ҚМДБ халал» сертификатына ие болған Жамбыл облысындағы шұжық цехтары мен өзге де кәсіпорындарды тексеру мақсатында осы өңірге арнайы іссапармен келдік. Тексерістің алғашқы күні «Халал Дамудың» өңірлік жауапты өкілі Н.Миразизов және технолог мамандардың қатысуымен «Ақ ниет», «Шамахсутов», «Иштаев» шұжық цехтарында бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізілді. Тексеріс қорытындысы оң нәтижені көрсетті. Алдағы күндері қалған мекемелер түгелдей дерлік бақыланатын болады»,-деді С.Сейтбеков.

Жиын соңында, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға толықтай жауап берілді. Тың әрі құнды ақпаратпен бөліскен бөлім меңгерушісіне жамағат алғысы мен ризашылығын жеткізді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру