Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде діни бірлестіктер сьезі өтті (ФОТО)

"Халифа Алтай" мешітінің баспасөз қызметі 11.11.2019 2901 0 пікір
Өскеменде діни бірлестіктер сьезі өтті (ФОТО)

Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасы Шығыс Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы және ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ат салысуымен Өскемен қаласында «Діни және этномәдени бірлестіктердің толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастырудағы ролі» атты діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің өңірлік сьезі болып өтті.  

Алқалы іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Ж.Ахан, ҚМДБ Шариғат және патуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы, Семей аймағының бас имамы Асқар Мұқанов және облыстағы барлық этномәдени және діни бірлестіктердің жетекшілері, имамдар, дінтанушылар, ішкі саясат бөлімінің мамандары, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Жиында ҚМДБ Шариғат және патуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы сөз сөйлеп, қазіргі таңдағы рухани құндылықтар және ислам дінінің тәрбиелік маңызы хақында баяндама жасады.

Сьезде ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы «Радикалды діни идеологияға ұшыраған адамдарды оңалту, радикалды көзқарастан арылту және қайта әлеуметтендіру,алдын алудағы мемлекеттік органдармен бірлескен қызметтің негізгі аспектілері» тақырыбында сөз сөйледі.

Бас имам: «ҚМДБ және оның жергілікті филиалдары мешіттер көбінде діни экстремизммен терроризмнің алдын алу жұмыстарына қатысып, діни қызметкерлер РАНТ және ЖАНТ құрамында өңірлерде ондаған кездесулер өткізіп, оңалту шараларына барынша ат салысып келеді. Имамдар діни рәсімдерде, ас беру шараларында, кездесулерде діни экстремизммен терроризмге қарсы үздіксіз насихат айтуда»,- деп айырықша атап өтті. Ермек Қасболатұлы сонымен қатар елімізде алғашқы болып Өскеменде ашылған «Ислам мәдениеті» мұражайы туралы да айтып өтіп, тарихи сананы жаңғыртудың маңызына тоқталды.

Бас имам қатысушыларға өткенде қабыланған «Жеті рухани жеті қазық» құжатын таныстырып, атаулы құжаттың адамдардың жүрегіндегі рухани мұқтаждықтың орнын толтыратын маңызын түсіндірді.

Сонымен қатар сьезде Семей аймағының бас имамы Асқар Мұқанов «Дәстүрлі құндылықтар мен радикалды идеология» тақырыбында баяндама жасады. Жиында басқа да діни бірлестік және этномәдени ұйымдар өкілдері сөз алып, қазіргі таңдағы діни ахуал турасында құнды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.  Сьездің секциялық мәжілістері Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өтті. Жиынға қатысушылар қарар қабылдады. 



Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру