Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дінге қамқорлық жағынан Сыр елі алда келе жатыр

nmu.kz 22.02.2019 3569 0 пікір
Дінге қамқорлық жағынан Сыр елі алда келе жатыр

Сыр елінің лауазымды азаматтары Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді. Негізгі мақсат – діни мамандыққа машықтанып жатқан аймақтық жастардың ахуалын біліп, қаржылай қолдау көрсету. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облыстық өкіл имамы Болатбек Абуов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, бөлім басшысы Ерсұлтан Есов, Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов мырзалар университет басшылығымен жүздесіп, жастармен тікелей тілдесуді жөн көрген. Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев құрметті қонақтарды арнайы қабылдады. Жастардың білімге деген ынта-ықыласы, діни ахуалды да қамтыған басшылардың жан-жақты сұхбаты қызылордалық шәкірттермен кездесуімен жалғасты. Еліміз бойынша діни мамандарды даярлауда, жастарға қамқорлық жағынан Сыр елінің әкімі Қырымбек Көшербаевтың өнегелі бастамалары бүгінде өзге аймақтарға да үлгі болып жатқанын айтқан проректор, доцент Қайрат Құрманбаев қонақтарға жүрекжарды алғысын білдірді. Ал Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов осындай игі істерге қатысты жаңа бастамаларды да айта келе:

Сыр елінде кезінде дінге, елге қызмет еткен, Аллаға құлшылығы адал ахун, ишан, баптардың есімі әлі күнге ел аузында. Сіздердің де араларыңыздан осындай аманатты жалғастыратын, халыққа қалтқысыз қызмет ететін тұлғалар шығады деген үміттемін. Бүгінде жоғары білімі бар діни мамандар 15 пайыз ғана, бұл аймаққа өте аз. Сондықтан ел ішінде ынталы білім иелерінің көбірек болуы үшін жан-жақты шаралар жалғасуда,- деді.

Ал ҚМДБ-ның өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы: «Облыс басшысы осы дін саласында білім алушы жастарға ерекше ден қойып, қолдау жасап жатқаны нәтижесін көрсетіп келеді. Қырымбек Елеуұлының қамқорлығын бағалаған Нұр-Мүбарак университетінің озат түлектері үлкен қала, шетелде білім алу мүмкіндіктері бола тұра ел ішіне барып қызмет етіп жатыр. Имамдарға тұрақты жалақы беру жағы, әлеуметтік мәселелер барлығы назарда. Сондықтан қазіргі уақытты білім алуға барынша ден қойыңыздар»,-деді.

Жастар тарапы да өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, өндірістік тәжірибелерді тиімді пайдалануға қатысты ойларын ортаға салды. Кездесу аясында қажетті тізімге кірген қызылордалық 22 студенттің оқу ақыларымен қоса, жатақхана төлемақысына қатысты келісімшарт жасалды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру