Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жастар» мәдениет үйінде "Рақымды Пайғамбар (с.ғ.с.)" атты рухани мәуліт кеші өтті. Әуелгі сөз Алланың кәламымен басталған рухани кеште ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров жиналған бұқара халықты мүбәрак мәуліт айымен арнайы құттықтады.
Сондай-ақ, рухани кешке Атырау облысының Дін істері басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев арнайы қатысып, жиналған жамағатқа жылы лебізін жеткізді. Мұнан соң Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сағынышты арттыратын мәуліт шәриф оқылып, қалың жұртпен бірге пайғамбар рухына салауаттар айтылды. Саналарға әсерлі ой қалдыратын, өмірдің өзінен ғибрат беретін, Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірін еске салатын бірнеше сахналық көріністер кештің әрін аша түсті. Рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне танымал әншілер Сержанәлі Әлібек пен Айдар Тұрғанбек атсалысып, өздерінің иләһи әндерімен жүректерге иман нұрын сыйлады.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысының өкілдігі жас шәкірттер арасында білім бәйгесін жариялағандығын хабарлаған едік. Аталған білім сайысына қырыққа жуық шәкірт қатысып, сынақ сәтінен оқ бойы озық шыққандар болды. Бас имам Батыржан қажы Берденұлы аталмыш мәуліт кешінде салтанатты жағдайда марапаттап, шәкірттерге жүлделерін табыстады. Бәйгенің ең басты сыйлығы – Умра, яғни кіші қажылыққа жолдаманы Берік Мадияров қанжығасына байлады. Ал І орынды иеленген Серболат Байжановқа 100 мың теңге тапсырылса, ІІ және ІІІ орындарды өзара бөліскен Әділжан Қаламғалиев пен Шахзод Досановқа 70 мың және 50 мың теңгенің сертификаты берілді.
Орталық «Иманғали» мешітінің халыққа рухани қызмет етіп, жұмысын жалғап келе жатқанына биыл - 18 жыл. Осынау уақыт ішінде мешітте табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Дәметкен Дюсупаева мен тазалықшы Әсем Макуловаға Умра қажылығына жолдама берілді. Осындай ерекше көріністерімен өткен мәуліт кеші барша халыққа рухани қуат сыйлай түсті. Айта кетейік, мәуліт кеші бір күнде екі мәрте халыққа ұсынылып, өзіндік әсерімен ел есінде қалды.
.jpg)

.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі
www.islam-atyrau.kz
24.12.2018
3209
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру