Ақтөбе өкілдігі «Ислам және отбасы» жылы аясында кезекті шара ұйымдастырды.
Тәуелсіздік мерекесінің тұсында «Жастық» кафесінде отбасылық отырыс өтті. Оған ақтөбелік дін қызметкерлері, қала, аудан мешіттерінің Бас имамдары мен медресе ұстаздары жанұяларымен бірге қатысты. Балаларға дейін бөлек дастархан жайылып, мерекелік көңіл-күй ескен берекелі басқосу болды.
Өкіл имам Төлеби Оспан баршасын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әр шаңыраққа Алладан амандық, береке мен татулық тілеп, дұға етті. Барша ақтөбелік дін қызметкерлеріне биылғы бірлесіп атқарған жемісті жұмыстарға рахмет айтып, ризашылығын жеткізді.
Сөзінің жалғасында өкіл имам атқарылған бірқатар ауқымды шараларды атап өтті. Соның ішінде, биыл Ақтөбе мешіттері 20 млн теңгеден астам қаражатқа қайырымдылық көмек көрсетіп, мұқтаж отбасыларға 18 тоннаға жуық азық-түлік таратқан. 680 баланы жаңа оқу жылына дайындады. Діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында облыста 30-ға жуық әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, мешіттегі игі істерге жәрдемші болып жүрген жанашыр жандар мешіт алқасының мұшесі Қаныбек Жақсылықұлы мен кәсіпкер Рүстем Амангелдіұлына да арнайы алғыс жариялап, кәсіптеріне берекет тіледі.
Отырыс барысында ұлттық ойындар да ұлықталып, имамдар гір көтеруден күш жарыстырды. Бал тілді балғындар да бар білімдерін ортаға салып, сұрақтарға жауап беріп, сыйлық алды. Дәстүрлі ән-күйден шашу шашылып, домбыраның қоңыр үні күмбірлеген керемет кеш болды. Барлық жанұяларға естелік сыйлықтар таратылды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
20.12.2018
3227
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру