Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: МЕШІТТІҢ 8 АЙЛЫҚ КІРІС-ШЫҒЫС ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 04.10.2018 4281 0 пікір
АҚТӨБЕ: МЕШІТТІҢ 8 АЙЛЫҚ КІРІС-ШЫҒЫС ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Бас мүфти бастамасымен мешіттердегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Соның бірі – әр жартыжылдықта жамағатқа мешіттің кіріс-шығысы жайлы есеп беру.

Жуырда облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде де жамағат алдында кіріс-шығыс есебі берілмек. Осы мақсатта кеше Ақтөбе өкілдігі мешіт алқасы мен ақсақалдарының басын қосты. Алты айлы есепке әзірлік мақсатында өткен отырыста мешіттің биылғы 8 айлық кіріс-шығыс есебі тыңдалып, мешіт құжаттарын рәсімдеу бағытындағы жұмыстар баяндалды.

Мешіттің ревизиялық комиссиясының төрағасы Қаныбек қажы Жақсылықұлы мешітке түскен пітір-садақалар есебін баяндады. Қайырымдылық шаралары, шаруашылық жұмыстары, коммуналдық қызмет, салық, жалақы және т.б. бағыттарда жұмсалған қаражаттарға жеке-дара тоқталып өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айында Ақтөбе мешіттерінің ұйымдастыруымен, 228 адамға 9 080 820 теңге қаржылай көмек көрсетілген. Соның ішінде, орталық мешіттің өзінде 42 адамға 3 138 920 теңге қаржылай, 297 адамға 3 тоннаға жуық азық-түлікпен көмек беріліп, 100-ден көп жанұяға 600 кг киім-кешектер үлестірілген. Сондай-ақ, биыл 680 бала облыс мешіттерінің жәрдемімен мектепке әзірленді. Оған мешіттер түсімінен 3 400 000 теңге қаражат жұмсалған.

Мешіттің іс басқарушысы Бақыткерей Балкенов мешіт құжаттарын рәсімдеу бағытындағы жұмыстарды баян етті. Ол соңғы 3 жылдың ішінде өкіл имамның ыждағаттылығымен мешіт салған азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілгендігін айтты. Нәтижесінде, 20-ға жуық мешіттің құжаты рәсімделіп, жері мен ғимараты діни басқарма балансына берілген. Жалпылай есептегенде, бүгінде құжаты түгенделген мешіттер саны 90 пайызды құрап отыр.

Ашықтықты қамтамасыз ету шараларының тағы бірі – мешіттерге садақа терминалдарын орнату. Жуырда мұндай құрылғы облыста «Нұр Ғасыр» мешітіне де қойылды. «Бастаманың басты игіліктерінің бірі – садақа салушы халықтың сенімінің нығаюында және жеделдікті қамтамасыз етуде», - дейді өкіл имам Төлеби Оспан.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру