Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы орталық мешітінде құрбан айт кең көлемде аталып өтілді (ФОТО)

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі 21.08.2018 3336 0 пікір
Алматы орталық мешітінде құрбан айт кең көлемде аталып өтілді (ФОТО)

Бүгін, мұқым мұсылман үмбетінің қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, Алматы Орталық мешітінде Айт намазы оқылып, арты мерекелік көңіл күйге ұласты.  

Құрбан айт намазынан алдын Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы «Құрбан айт және құрбан шалудың сауабы» атты тақырыпта уағыз айтып, мешітке жиналған жамағатты ұлық мерекемен құттықтады:

«Қадірменді жамағат! Қадірлі мұсылман бауырлар! Сіздерді, бүгінгі келіп жеткен Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізге мәлім, мұсылмандардың екі ұлы мерекесі бар. Соның бірі – қасиетті қажылық айындағы Құрбан айт мейрамы. Бұл күні, біз, «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» деген Құранның бұйрығын орындау арқылы Алланың разылығы мен мол сауабына кенелеміз. Шалған құрбандығымыз қабыл, ниетіміз асыл болсын!», – деп өзінің ыстық лебізін білдірді.   

Айт намазы оқылып, дұға жасалғаннан кейін қалың жұртшылық бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, арқа-жарқа күйге бөленді.

Кезек мешіт ауласында Алматы қаласы Дін істері басқармасының қолдауымен арнайы әзірленген мерекелік шараға ойысты. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Айдар Есенбеков мұсылмандардың төл мерекесімен құттықтады. Әрі осындай мамырай, бейбіт кезеңге жеткізіп, емін-еркін құлшылық етуге мүмкіндік берген, бірінші кезекте, Аллаға мақтаулар айтып, екінші ретте, елім деген ел ағаларына өз алғысын білдірді.

Мешіт ауласына тігілген еңселі киіз үйге қадірлі қонақтар мен ақсақалдар шақырылды. Олар мерекелік дастарханнан дәм татып, өздерінің ақ тілектерін арнап, құтты болсын айтты.

Мешіт жамағаты арасында қошқар көтеру, қол күрестіру, бағанаға өрмелеп шығу, асық ату сынды ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстар өтті. Жақсы өнер көрсеткен қатысушыларға қомақты сыйлықтар табысталды.

Ал, балалар үшін батут қалашығы құрылып, бейнелеу өнері бұрышы жұмыс істеді. Айналма пойыз бен пультпен басқарылатын электр көліктер пайдалануға берілді. Балмұздақ пен тәтті мақталар тегін таратылды. 1000-нан аса мешіт жамағатына Ас берілді. Сонымен қатар мешіттің қасапханасында құрбандықтар шалынып, еттері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестірілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру