Бүгін Ақтөбе жұртшылығы қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтті. Айт күні Алла үйіне асыға жеткен жеткіншек, жастар мен немересін жетектей келген қартқа дейін таң сәріден тілек айтып, төс қағыстырды. Сағат 7-де жамағат екі бас айт намазын орындап, Жаратушыдан елдің есендігі мен бірлігін тілеп, дұға қылды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі мерекеге Бердібек Мәшбекұлы арнайы қатысты. Жамағатты Құрбан айтпен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Өкіл имам Төлеби Оспан намаздан алдын уағыз-насихат айтып, Құрбан айт – кешірім мен кеңшілік мерекесі екенін тілге тиек етті.
Ұлттық болмысымызбен үндескен мереке жылдағы үрдіспен атап өтілді. Мешіт аумағында 8 киіз тігіліп, халыққа көже, бауырсақ секілді ұлттық тағамнан дәм үлестірілді. Дәстүрлі ән-күйден шашу шашылып, оқшаулы алаңда ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жамағат топ-топқа бөлініп, арқан тартысты, күресіп, күш сынастырды. Сайыс жеңімпаздарына сый-сияпаттар үлестірілді.
Сонымен қатар, «Жарық» ақпараттық-консультативтік орталығы мешіт ауласында жәрмеңке өткізді. «Өнер тамған он саусақ – үзілмейтін ырысың» деген атпен ұсынылған қолөнер бұйымдары мен тәттілер, ыстық самсалар мен бөлкелер, т.б – барлығы қыз-келіншектердің өз қолымен әзірленгендері. Олар жуырда орталық ұйымдастырған тігін, аспаздық өнердің айлық курсын тәмамдаған болатын. Тәлімнің тәжірибедегі көрінісі осылай паш етілді.






















































ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
21.08.2018
3974
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру