Бүгін «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Біз – бақытты баламыз!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шара діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы» жылы, облысымызда бастау алған «Балалар жылының» аясында өтті.
Өкіл имам Төлеби Оспан балғындарды мерекелерімен құттықтап, Алла Тағала бейбіт заман мен балғындардың алаңсыз, бақытты балалық шақтарын баянды еткей деген тілегін жеткізді.
Мешіт ауласына батут қойылып, әр түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылды. Балғындар үрмелі батутта мауқылары қанғанша асыр салып, ойнады. Тас еденге түрлі түсті бормен сурет салып та жарысты. Мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен логикалық және мұсылманның қырық парызы секілді илами мазмұнда жеңіл сауалдар қойылып, өрендердің ой ұшқырлығы да сыналды. Бұл мерекеде базарлықсыз қалған бала болмады. Барлығына мешіттің «Сен де үлес қос!» қайырымдылық акциясы әзірлеген сыйлықтар тарту етілді.
Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мерекеде ауыз бекітіп, ораза тұтқан қаракөздеріміз көп болды. Осыған орай киіз үй құрылып, арнайы ауызашар дастарханы жайылды. Барлық балғындар дәмнен ауыз тиіп, Алла үйінен ауыз ашты. Бұл игі іске қайырымды азаматтар Болат Оралұлы мен Ануар Сәбитұлы демеушілік етті. Сондай-ақ, қаладағы «Тағам» кафесінің әкімшілігі де атсалысты.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
04.06.2018
4119
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру