Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Облыстың он мешітінде Құран хатымы басталды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 18.05.2018 3395 0 пікір
Облыстың он мешітінде Құран хатымы басталды

Кеше Ақтөбе мешіттерінде алғашқы тарауих намазы оқылып, Құран хатымы басталды. Биыл облыста он мешітте Құран хатым етілмек. Атап айтқанда, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті, қалалық орталық мешіт, «Досжан хазірет», «Қабақ баба», «Сүлеймен ата», «Бақытжан» мешіттері, Шалқар, Хромтау, Темір аудандық орталық мешіттері және «Құрылысшылар кенті» мешіті.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен тарауих намазында өкіл имам Төлеби Оспан Рамазан айының қадір-қасиеті туралы насихат айтты. Бұл айдың берекесімен қауышу үшін жақсы амалдар жасау керектігі, жамағаттың тарауих намазына толық қатысуы, Рамазанды соңғы күніне дейін құлшылығымызда саф ықыласты, амалда тұрақты болып өткізу жайында сөз қозғады.

Биылға тарауих намазында «нұрғасырлықтарға» өз жерлесіміз, ақтөбелік қари имамдық етеді. Өкіл имам қари Бекжан Әлбеновті жамағатқа таныстырып, оның бойына Алла нәсіп еткен Құранды жатқа білу нығметі берекелі, баянды болсын деген тілегін жеткізді.

Бекжан Әлбенов алғашқы діни ілімді Шымкент қаласындағы «Ықылас» қарилар дайындайтын орталығында алған. «Көкөтөбе» қарилар дайындайтын орталықта, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде исламтану мамандығы бойынша бакалавр, магистрлік дәрежесін қорғаған. Бүгінде қари азамат Мысыр Араб Республикасындағы Тілдерді зерттеу институтының магистранты. Ол араб тілі бойынша ғылыми білімін жетілдіріп қана қоймай, Құраннан иджаза алуға тапсыруда.

Қала және ауданның өзге мешіттерінде Құран хатым түсіруші қарилардың бірқатары – Пакистан еліндегі Мадраса арабия, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, «Ақтөбе медресе колледжі», «Әл-Біләл», «Масанчи» медреселерінің шәкірттері мен түлектері.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру