«Ақтөбе медресе колледжінің» 10 жылдық мерейтойы конференция жұмысында жалғасын тапты. Бас мүфтидің тапсырмасымен кеше Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де "Қоғамдық сананы жаңғырту және дәстүрлі руxани білім мәселелері" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, дінтанушылар мен профессорлар, тариxшылар, бірнеше облыстың өкіл имамдары мен медресе директорлары, ұстаздары, облыстық дін істері басқармасы, өзге де мемлекеттік мекеме өкілдері, мешіт ақсақалдары, студент жастар қатысты.
Университет ректоры Бауыржан Амангелдіұлы мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы облыс әкімінің құттықтауын жеткізе отырып, дін саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға арналған келелі кеңес жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияда алғашқы болып сөз алған наиб Мүфти Алау Әділбаев Хазрет Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ыстық ықыласын жеткізе отырып, еліміздегі төл исламтану мектебін қайта жаңғырту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атқарып жатқан игі шараларға тоқталып өтті. Соның ішінде, діни басқармаға қарасты 9 медресенің бүгінде 5-уінің «колледж» статусына ие болуы, жастар арасында діни ілім алуға деген ұмтылыс артып, бәсекеге қабілетті білікті кадрлардың көбеюі де – діни ағарту саласының жаңа белеске көтерілгендігінің көрінісі екендігін ерекше мақтанышпен жеткізді.
Келелі кеңесте медреселер жұмысы жайлы баяндама жасаған «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Шамшадин Керім медресе жанынан қыздар бөлімін ашу туралы ұсыныс білдіріп, бұл бүгінгі қоғам қажеттілігінен туған мәселе екендігін түсіндірді. Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің профессоры Амангелді Әбдірахманұлы мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану пәнінің оқытылу үдерісіне тоқталып, оған жауапты мамандардың кәсіби біліктілікке ие болуы маңызды екендігін алға тартты. Осы орайда, қоғамның әсіре діндарлықтан ғана емес, дінсіздіктен де зардап шегетіндігін тілге тиек еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышқан халықтың діни сауаттылықты арттыруға ден қою керек деп пікір білдірді. Себебі, бүгінгі адасушылықтың дені діни сауатсыздықтан туындауда. Осындай мазмұнда баяндама жасаған облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан дін үкімдерін теріс тәржімалаушы топтарға тән сипаттарды, олардың қателіктерін атап өтті.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, мәдениеттер және Діндер халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов зайырлылық ұғымына түсінік беріп, бұл дінді мемлекеттен ажырату деген сөз емес, керісінше мемлекеттегі дінаралық қатынастарды реттеу, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді білдіретіндігін айтты.
Келелі кеңесті қорытындылап, сөз сөйлеген медресе директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков ұлттық тәрбие негізінде діни білім берудің өзектілігіне тоқталды. Себебі, Әл-Фарабише айтқанда, «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы». Медресе басшысы ұлттық тәрбиемен ұштастыра берілген діни де, дүниауи білімнің де ақыры асыра сілтеушілікке апармайтындығын алға тартты. Конференция соңында қатысушылар сауалдар жолдап, тақырып төңірегінде ой-пікірлерін білдірді.
Медресе директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы конференция жұмысына атсалысып, мазмұнды баяндама жасаған барша азаматтарға алғыс білдіріп, ізгі ілтипатпен сый-сияпат жасады.
Түстен кейін конференция жұмысы бірнеше секцияда жалғасын тапты. Онда қатысушылар «Зайырлылық қағидасы және білім мен тәрбие мәселелері», «Рухани білім мен тәрбиенің этнопедагогикалық мәселелері», «Діни сауаттылық: мәні мен мақсаттары» тақырыптары төңірегінде баяндамалар жасалып, конференция жұмысы қорытындыланды. Конференция қарары қабылданды.
Медресе-колледжді жаңа ғимаратқа көшіріп, оның материалдық, оқу және білім базасын кеңейту жобасы – бірер жылдың еншісіндегі ауқымды іс. Осы бағытта бүгінгі өткізілген конференция, ондағы айтылған тұшымды ойлар мен пікірлер медресе жұмысын жетілдіруде өз септігін тигізедіп деп сенеміз.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
11.05.2018
3571
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру