«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің әйел ұстаздары Жеңіс күні қарсаңында «Жойылсын жалғыз сөз «соғыс» деген» атты рухани шара өткізді. Әйел-қыздар секторының жылдық жұмыс жоспары аясындағы сабаққа сауат ашу курсының шәкірттері де атсалысты.
Сабақ барысында соғыс жайлы өлең жолдары оқылып, бейнероликтер көрсетілді. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ халқының соғысқа қосқан қомақты үлесі баяндалып, қызықты деректер келтірілді. Соның ішінде, қазақ халқының ширек бөлігінің соғысқа қатынасып, қан майданда қайталанбас ерліктерін паш еткендігі айтылды. 27 рет жау әскерін шабуылдап, 5 рет қоршауды бұзып шыққан Бауыржан Момышұлының хас батырлығы, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың, алғашқы ұшқыш Хиуаз Доспанованың есімдері айрықша аталды. Өз еріктерімен майданға сұранған ер мінезді екі жұлдызымыз – пулеметші Мәншүк пен 78 жаудың көзін жойған ақтөбелік Әлияның айбындылығы, жауға қарсы жанкештіліктері еске түсірілді. Халқының ширек бөлігі әскерге шақырылған қазақ елінің соғыс жылдарында Совет одағын әскермен ғана қамтып қоймай, майданға азық-түлік және өзге де материалдық, заттай көмек жөнелтіп отырғандығы, өлшеусіз үлес қосқандығы айтылды. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батыры атағын алған қандастарымыз жайлы мағлұматтар берілді.
Фариза Оңғарсынованың «Бесік жыры» атты өлеңі оқылды. Бұл әкесі қан майданнан қайтпаған баланың мұңды монологі болатын. Тағылымды сабақта фотосуреттер де «сөйледі». Шәкірт апа-әжелеріміз бен қыз-келіншектер соғысқа қатысқан әке, аға-іні, бауырларының фотосуреттерін әкеліп, батырлар аузынан естіген естеліктерімен бөлісті.
Мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова сұм жылдардың салқынын еске алу – Аллаға шүкір айтуымызды арттырса, екіншіден, бейбітшіліктің қадірін шынайы түсіне білуді үйрететіндігін тілге тиек етті. Бүгінде тыныштықтың теңдессіз нығмет екендігін түсінбегендіктен, шетел асып, Сириядағы соғысқа аттанған бауырларымыздың қателіктерін мысал етті.
Шара соңында соғысқа қатысқан 100-ге жуық ардагердің есімдері толық аталып, сауабы тисін деп Құран аяттары оқылды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
10.05.2018
3143
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру