Қасиетті жұма күні Шалқар аудандық орталық мешітіне жаңа имам тағайындалды.
Жаңа қызметке Бас Мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен тағайындалған Тойчибаев Бақыт бұған дейін «Үшқоңыр», «Астана» медреселерінде ұстаз, медресенің оқу ісі бойынша жауапты директорының орынбасары, Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының ұстазы секілді діни қызметтерді абыроймен атқарып келді. 2011-2013 жылдар аралығында «Рахмет самалы» діни-танымдық журналының корректоры, бас редакторы қызметтерін қатар алып жүрді. Білікті имам 2008-2011 ж.ж. Түркия Республикасы, Стамбул қаласындағы «Хасеки» академиясын тәмамдап, білімін жетілдірген.
Осы күнге дейін мешіттің бас имамы қызметін уақытша атқарып келген Жұмабекшах Шахатаев Бас Мүфти бұйрығымен мешіттің наиб имамы қызметіне тағайындалды. Қос имамның алдағы жұмысына сәттілік тілеген ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Әділбеков жамағат алдында бұйрықтарын таныстырды. Мешіт ақсақалдары қазақи дәстүрімізге сай Жұмабекшах Шахатаевтың иығына шапан жауып, баталарын берді.
ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Әділбеков тақырыпқа сай жұма уағызын жүргізді. Естеріңізге сала кетейік, теолог өңірдегі "Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" жобасы аясында Шалқар ауданында ағымдағы апта ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.
Сонымен қатар, діни басқарманың тапсырмасына сәйкес Ақтөбенің барлық мешіттерінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Отан алдындағы перзенттік парызды орындаудың маңыздылығы туралы шағын насихат айтылды. Шекара қауіпсіздігі мен ел қорғанысы қызметіндегі азаматтардың жауапты қызметін бағалау, құрмет таныту керектігі тілге тиек етілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
04.05.2018
3316
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру