Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ардақ Назаров Павлодар жастарымен кездесу өткізді

Абзал Қабдраш Павлодар облысы 04.05.2018 3890 0 пікір
Ардақ Назаров Павлодар жастарымен кездесу өткізді

«National art» жастар қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүзеге асқан кездесу барысында қазіргі қоғамдағы танымал азаматтардың бірі, аралас жекпе-жектен үш дүркін Әлем чемпионы, Еуразияның екі дүркін чемпионы, Әлем Кубогының иегері Ардақ Назаров павлодарлықтармен қауышып, тәрбиелік мәні зор әңгілемелерін айтты.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға келген мейманды мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков қарсы алды.

Дөңгелек үстел барысында белгілі спортшы 2002 жылы Павлодар қаласына жарысқа келіп, Еуразия чемпионы атанған сәттерін есіне алды. Бұдан соң мейман бес жасар Иманғали есімді балаға батасын беріп, асық ойынын ойнады.

Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков павлодарлықтардың атынан Ардақ Назаровқа Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығын сыйға тартты.

Бұдан кейін Ардақ Назаров және Әлем чемпионы Аңсар Дәулетбаев «Шаңырақ» орталығында павлодарлықтармен жүздесті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шараға 600-ден астам адам жиналды.

«Құрметті қыз-жігіттер, ұлттың болашағы сіздерсіздер. Әр қазақтың қызы біздің туған қарындасымыз, біз олардың темір таудай қорғаны болуымыз керек. Ата-аналарыңыздың ризашылығын алыңыздар. Оларды қадірлеңіздер. Құшақ-құшақ гүлді сүйікті қызыңа ғана емес, аналарыңызға да беріп, қуантып отырыңыздар. Елге қызмет ету деген осыдан басталады. Сіздер мықты болсаңыздар, ел де мықты болады, - деді өңір мейманы.

Айта кетейік, Әлем чемпионы Әмір мен Нұрасыл есімді ұлдардың тұсауын кесті. Осыдан соң Ардақ Назаров «Абылай» спорт клубына барып, жас спортшыларға шеберлік сағатын өткізіп, ақыл-кеңестерін берді.

«Әрбіріңіздің жүректеріңізде чемпион болсам деген арман бар. Ол арманға қажырлы-қайрат, тынымсыз еңбекпен ғана жетесіздер, - деді танымал спортшы. – Білекті бірді, білімді мыңды жығады деген. Сіздер тек залда ғана тер төкпей, күніне жарты сағат кітап оқып өздеріңізге пайдалы дүниелерді жинау керексіздер. Күні бойы инстаграмм, Вконтакте желісінде отырған балалар чемпион болмайды. Егер сенің досың осы залға алтыда келсе, сен бес жарымда кел. Ол таңертең екі шақырым жүгірсе, сен үш шақырым жүгір. Қолың бос кезде кітап оқы. Сонда ғана белес бағынады, сонда ғана шыңға шығасыздар».

Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алтынбек Рысжанов Ардақ Назаровқа күміс қылыш тарту етті.

Сондай-ақ, Ардақ Назаров С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттерімен де кездесу өткізіп, салмақты да салиқалы әңгілемерімен бөлісті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру