Павлодар облысы, Ақсу қаласында облыс өкіл имамы Жолдас Бертымұратовтың қатысуымен «Ислам және отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Ақсу қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова, Ақсу қаласының құрметті азаматтары, ауыл мешіті имамдары, мешіт қызметшілері, жас мамандар, студенттер қатысты.
Дөңгелек үстелді Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров жүргізіп отырды:
«Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген ғибратты сөз бар. Муғауия ибн Хайдадан жеткен хадистерде: «Мен: «Уа, Алла Елшісі! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?» – деп сұрағанымда ардақты пайғамбарымыз: «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттап жаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!» деп жауап қатты дейді. Міне, бұл ерлердің әйелдің алдындағы міндеттері болып табылады. Отбасы берік, босағасы бекем болу үшін ері мен әйелі бір-біріне тек мейріммен қарап, өз міндеттеріне адал болу керек»,- деді аудан имамы.
Алғашқы сөз кезегін алған өкіл имам Жолдас Қоспақұлы:
«Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазрет 2018 жылды «Ислам және отбасы жылы» деп бекітті. Осы бастамаға орай біз сіздермен кездесіп отырмыз. Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдептілік пен адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліссе, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ»,- деп бірнеше мысал келтірді.
Келес кезекте Ақсу қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова отбасы жайлы өздерінің ақыл-кеңестерін ортаға салды.
Соңында Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров отырысты қорытындылап сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс айтты.




Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру