Алла Тағаланың адамға осы дүниеде берген өмірін өзі қиюы кездесетіні өкінішті. Бұл бүгінде өте қатты белең алып барады десе де болады.
Өкінішке орай, сондай оқиға 27 сәуір күні Тараз қаласында биік ғимараттардың бірінде орын алған еді. Құрылысы аяқталмаған ғимараттың біріне шығып, «биіктен секіріп кетемін» деп қиғылық салған Медицина колледжінің 4 курс студенті 19 жасар Арайлым Өмірзақты абырой болғанда «Һибатулла Тарази» медресесінің екі шәкірті құтқарып қалған болатын.
Осыған байланысты, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев медресе шәкірттері Бадықов Ұзақбай мен Нұрбай Айтөрені ерлігі үшін алғыс хатпен марапаттады.
«Сізге өз-өзіне қол жұмсамақ болған қаракөз қарындасымызды қиын сәтте өлімнен құтқарып қалған асқан ерлігіңіз үшін облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті атынан шын жүректен алғыс білдіремін. Сіздей шәкіртіміздің барын біз мақтаныш тұтамыз!» делінген алғыс хатта.
«Алла Тағала Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды тірілтсе (өлім қатерінен құтқарса) ол, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең», - деген. Міне, сол ерлікке толы ізгілікті істі сіздер жасадыңыздар. Сіздерге шын жүректен алғыс айтып, өмірлеріңіздің ұзақ болуын және білім жолында үлкен жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін», - деген ниетін жеткізді бас имам Данияр Әлимұхамедұлы.
Естеріңізге сала кетсек, 27 сәуір күні биіктен секірмекші болған студентті райынан қайтаруға құзырлы орын өкілдері мен оқу орнының басшылығы жұмыла күш салғанымен, еш нәтиже шықпаған еді. Қайта керсінше, адам жақындаған сайын бойжеткен ғимарттың қиыр ұшына жылжып, жағдай ушыға берді. Тек келіссөзге медресе шәкірттері кіріскенде ғана өмірден баз кешкен 19 жастағы қыз сабырға келгендей болады. Осы сәтті тиімді пайдаланған шәкірттер оны ұстап алып, құтқарып қалған болатын.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі
02.05.2018
3022
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру