Талдықорғандағы орталық «Иман» мешітінде облыстағы мешіттердің имамдарына арналған екі күндік семинар өткізілді.
Семинардың ашылуына қатысқан ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, облыстық дін істер басқармасының басшысы Рахмет Есдаулетов, ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев білімін жетілдіруге келген дін қызметкерлеріне сәттілік тілеп, семинарды өткізудің басты мақсатын түсіндірді.
«Құрметті имамдар, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ғұламалар кеңесімен және Азаматтық қоғам және дін министрлігімен ақылдаса келе биылғы жылды «Ислам және Отбасы жылы» деп жариялаған болатын. Өйткені, еліміздің негізі саналатын отбасы құндылығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр, – деген Талдықорған орталық «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаев тақырыптың маңыздылығына тоқталды.
«Соған орай елімізде көптеген семинарлар, конференциялар өткізіліп, мешіттерде арнайы бөлмелер ашылып жатыр. Біздің мешітте де отбасы мәселелері бойынша кеңес беруге арналған арнайы бөлмесін ашуға әзірлік жүруде. Құдай қаласа, сол бөлмеде арнайы мамандар белгіленген уақыт бойынша келушілерді қабылдап, отбасын сақтауға қатысты сұрақтарға жауап береді. Ал, екі күндік семинарға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлын арнайы шақырып отырмыз. Ол кісі дәл осы саланы меңгерген, көтерілген мәселеге орай Ислам дінінде шығарылған пәтуалардың білгір маманы ретінде көпшілікке жақсы таныс. Екі күндік семинар кезінде ер адамдар мен әйел адамдарға арнап лекция оқиды»,- деді.
Одан соң сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдаулетов аудандардың бас имамдары мен мешіт қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Екі күндік семинарға қатысқан 50 имамға арнайы сертификат беріліп, отбасы құндылығын, ажырасудың зияндығын түсіндіруге қатысты уағыз-насихат жүргізуге рұқсат етілді.
Сонымен қатар, Сансызбай Құрбанұлы 4 және 5 сәуір күні Талдықорған орталық «Иман» мешітінде жиналған жамағатқа 2 күн бойы «Ислам және отбасы» тақырыбында Исламдағы жанұя мәртебесі туралы уағыз жүргізді. Дәріс соңында жамағаттың көкейлерінде жүрген сан-түрлі сұрақтарға жауап берді.







Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру