Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскемен өкілдігі аламан айтыс өткізді (ФОТО)

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі 26.03.2018 3395 0 пікір
Өскемен өкілдігі аламан айтыс өткізді (ФОТО)

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораздың жүлдесі» үшін «Ислам және отбасы» жылы аясында «Металлургтер» мәдениет сарайында «Наурыз айы келгенде...» атты облыстық ақындар айтысын өткізді. Дүбірлі додада Шығыс Қазақстан облысының жүйрік айтыскерлерінің арасынан іріктелген 10 ақын бақ сынады.

Айтысты ашып, сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы:

«Айтыс қазақтың дегдар өнері. Ақындарды ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) ерекше құрметтеген. Ақынды сыйлау, шапан жабу дәстүрі исламнан бастау алған. Біз рухани жаңғыру аясында ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтау, биылғы ҚМДБ-дан жарияланған «Ислам және отбасы» жылына байланысты дәстүрлі тәрбиені насихаттауға аса мән беріп отырмыз. Бүгінгі айтыста көрермен қауым дүлділ ақындардан өткір сөз, өрнекті өнер күтеді» дей келе, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалының Төрағасы, жазушы Әлібек Қаңтарбаев кілең жүйріктерді бағалау қазылар алқасына да оңайға түспегенін айта келе, әйтседе әділ бағаланғандығын жеткізді. Айтыста Бас бәйге, «Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың жүлдесі» Үлкен Қажылықтың сертификаты елімізге танымал жас айтыскер Қуаныш Еркінұлына бұйырды. 1-орынды семейлік жас ақын Серік Қуанған, келесі орындарды Фархат Маратұлы, Гүлжан Ықыластар еншіледі.

Жүлдегерлер мен жүлдеге ілікпеген ақындарға Өскемен қалалық мешіттерінің атынан қаржылай сыйлық табыс етілді.  

Марапаттау шарасы кезінде өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы мешіттің мәдени-рухани шаруаларына көмек көрсетіп келе жатқан әрі өңірде айтыс өнерін барынша насихаттап жүрген айтыскер ақын Аслан Ғафуровқа умра қажылығының сертификатын табыс етті.

Айтысқа жиналған халық өкілдікке шын көңілдерімен алғыс айтып тарқасты.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру