Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе мешіттері: Ұлыс күні – ұлық той

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі  23.03.2018 2936 0 пікір
Ақтөбе мешіттері: Ұлыс күні – ұлық той

Ақтөбенің барлық мешіттерінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аталып өтті. Мешіттерде киіз үйлер тігіліп, жамағатқа арналып дастархан жайылды. Мерекелік ас – наурыз көжеден дәм ұсынылды.

Сонымен қатар, мешіт ауласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен бірнеше ұлттық спорт түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Жамағаттың білекті жігіттері күресу, гір көтеру, қошқар көтеруден күш сынастырып, ұлттық ойынның көркін қыздырды.

Ақтөбе қалалық орталық мешітіндегі Наурыз мерекесі де өз мәнінде атап өтілді. Шараға қала әкімі Ілияс Испанов, өкіл имам Төлеби Оспан арнайы қатысып, мешіт жамағатына мерекелік құттықтауын жеткізді. Арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, аламанда оза шапқан жеңімпаздарға мешіт ұжымы атынан арнайы сый-сияпат жасалып, жүлделері табыс етілді.

Сондай-ақ, Мұғалжар ауданына қарасты Жағабұлақ ауылындағы Наурыз мерекесін ерекше атап өтуге болады. Ұлыс күні ауыл тұрғындары көше болып керуен құрды. Түйе мен жылқы ерттеп мінген көшпелі халықтың бұрынғы өмір сүру салтынан көріністер көрсетіп, келін түсіру, беташар секілді жоралғылар сахналанды. Алтыбақан құрылып, төл мерекеміз ұлттық нақышта тойланды.

Ал Мұғалжар және Алға аудандық мешіттері мерекеде балаларға тарту жасады. Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті қаладағы 21 мектеп оқушысына 84000 теңге көлемінде шәкіртақы табыстады. Ал Алға аудандық мешіті аудан әкімшілігімен бірлесе отырып 70 аз қамтылған мектеп оқушыларына дастарқан жайып, балғындарға наурыз көжеден дәм татқызды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру