Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық. Ислам діні адамзатты ізгілікке, қайырымдылыққа үндейді. Дінді дәстүрімен ұштастыра білген бабаларымыз қашан да қайырымдылық жасаудан қол үзбеген. Барымен бөлісіп, мұқтаждың қажетін өтеген. Халықтың тұрмысы түзеліп, имандылығы артқан сайын өткендерден өнеге болған дәстүр қайта жаңғырып, игі үрдіске айналып келеді.
Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен биылғы жыл - «Ислам және отбасы» жылы деп бекітілген еді. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев 2018 жылды Ақтөбе облысында «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Аталған бастамалар аясында ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі ұйытқы болуымен бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі - Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің жамағаты ұйымдастырған «Біз бақытты баламыз» атты қайырымдылық шарасы. Мұнда көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі 50 балаға жалпы сомасы 1 000 000 теңгенің сертификаттары табысталып, «Қазақстан» мейрамханасында дастархан жайылды. Шараға аудан әкімі Аманғали Бердалин, өкілдіктің жолдауымен Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы Қайрат Дәрменов қатысты.
Шара шымылдығы Құран аяттарын оқумен ашылып, наиб имам Қайрат Дәрменов қайырымдылыққа, коғамның дамуына үлес қосу, ізгі амалдың Хақтан болатын сауабы туралы айтып, адамдардың ең абзалы – қоғамға көбірек көмегі тиген, мұқтажға қол ұшын берген жан екендігін тілге тиек етті.
Балғындар алаңда асыр салған бір үйдің балаларындай бір-бірімен ойнап, бірге сурет салып, аниматорлардың өнерін тамашалады. Шараға атсалысқан Дөң тау-кен байыту комбинаты «Жастар кеңесінің» мүшелері балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға отбасы үлгісіндегі Балалар үйінің тәрбиеленушілері де үлес қосып, өз өнерлерін паш етті.
Аудан басшысы қашан да қайырымды істердің басы-қасынан табылатын мешіт ұжымы мен жамағатына ризашылығын жеткізді. Ата-аналар да алғыстарын жаудырып, сәбилерінің бір сәтке болса да сырқаттарын ұмытырып, жүзіне күлкі, жүрегіне қуаныш сезімін ұялатқан барша атсалысқан азаматтарға рахмет айтты.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
19.03.2018
3786
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру