Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ғұмыры өнегелі қазақ әйелдері» тақырыбындағы мәдени шаралар (ФОТО)

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі 15.03.2018 4402 0 пікір
«Ғұмыры өнегелі қазақ әйелдері» тақырыбындағы мәдени шаралар (ФОТО)

Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр-Жүсіп» мешітінің «әйелдер-қыздар» секторының ұйытқы болуымеy Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Ғұмыры өнегелі қазақ әйелдері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Бұл шараға ҚМДБ-ның насихат және қоғаммен байланыс бөлімі «әйелдер-қыздар» секторының басшысы, исламтанушы Тілегенова Ақбөпе Қанатқызы, облыстық орталық «Мәшһүр-Жұсіп» мешітінің наиб имамы  Қабаев Қанат, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрайымы Бақытжамал Шаханқызы Максилова  қатарлы белгілі адамдармен қатар Павлодар қаласындағы танымал әйел-аналар, ақын-жазушылар, журналистер, жоғары оқу орындары, колледж студенттері, жастар өкілдері арнайы шақырумен қатыстырылды.

Түсіндіру, талқылау, пікірлесу, ой бөлісу әдістерімен жүргізілген бұл игі шараға Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы Ақерке Тұрғанбайқызы «Қазақ әйелінің бүгінгі бейнесі», С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің студенті Данахан Әлімханқызы «Абай мен Құнанбай ғұмырындағы әйелдер», осы университеттің тағы бір студенті Өміржанова Талшын Нұржанқызы «Қазақты әлемге танытқан әз аналар»,  еңбек ардагері, көп балалы ана Бақытжамал Жұмабайқызы «Қазақ әйелі отбасын, дәстүрін сақтаушы» тақырыптарында  қысқаша баяндамалар жасады.

Ал «Мәшһүр-Жүсіп» мешітінің ұстазы Жұлдыз Рашидқызы, «Екібастұз» қалалық мешітінің ұстазы Заре Шамсидинқызы, «Ақсу» қалалық мешітінің ұстазы Мадина Мұратқызы қатарлы әйел ұстаздар шараның тағылымды өтуіне барынша ат салысты.

Сонымен қатар, қазақтың танымал аналары туралы бейнетаспа көрсетіліп, Ертістің  Кереку  өңіріне  танымал болған марқұм Зара Қабдешқызы туралы жазылған кітаптан эпиграф оқылып, ол кісінің үлгі-өнегесі де сөз болды.

Шараға қатыушыларға арнап «Арулар, асыл жандар» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Бұл игі шараның модераторы, ҚМДБ-ның Павлодар облысы өкілдігінің «әйел-қыздар» секторының басшысы, ұстаз Талқанбаева Қарлығаш Қажымәлікқызы:

«Қазақ халқы әуелден-ақ қыз-келіншектерді құрмет тұтып, алақанының аясына салып, ардақтап келген. Бір шаңырақтың ғана емес, үлкен бір әулеттің, тайпа мен елдің берекесін келтіріп, несібесін тасытқан асыл аналарымыз қазақта баршылық. Алланың хақ діні ислам келісімен әйелдің қоғамдағы құқығы белгіленіп, ар-намысы мен абыройы қорғалып, еңсесі көтерілгенін бәріміз білеміз. Сөз соңында, бүгінгі ұйымдастырып өткізіп жатқан «Ғұмыры өнегелі қазақ аналары» тақырыбындағы басқосуларыңыз табысты, нәтижелі болып, жақсы пәтуалар жасалып жатыр, алдағы уақытта өзара тек «Жақсы істермен жарысайық!»,-демекпін!»,-деп сөзін қорытындылады.

Дөңгелек үстел жұмысы түстен кейін «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханасында «Ұрпақ тәрбиесіндегі ұмыт болған ұлағат» тақырыбында жалғасын тапты. Сонымен қатар, осы тақырып аясында облыстық Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайында, С. Торайғыров ат. Павлодар облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасында да мәдени-рухани шаралар жүргізіледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру