Астанада Наурыз мейрамының құрметіне "Бауырсақ Time" фестивалі басталды. Еріктілер қала тұрғындары мен қонақтарына тегін бауырсақ таратып, сый көрсетуді бастап кетті. Бұл туралы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек хабарлады.
«Біз Астананың 20 жылдығы аясында және "Сарыарқа" ауданы өзіміздің аудан бойынша Наурыз мейрамын тойлауға орайластырылған "Бауырсақ Time" фестивалінің жаппай акциясын бастадық. Бұл жай ғана фестиваль емес, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдениеті мен қонақжайлық дәстүрін дәріптеумен қатар, оның ұлттық тағамдарын таныстыруға және қайырымдылыққа бағытталған жоба. "Бауырсақ Time" фестивалі бүгіннен басталды және бір апта бойы жалғасады» деп жазды Арман Тұрлыбек Facebook парақшасында.
Белсенді жастар күн сайын 4 мыңнан аса бауырсақ таратады. «Бауырсақ Time» акциясының соңғы бөлімі 17 наурызда сағат 12:00-де елордалық Арбатта өтеді. Сонымен қатар, сол жерде әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт те ұйымдастырылады.
«Фестиваль аясында біз 25 мыңнан немесе бір тоннадан астам бауырсақ пісіруді жоспарлап отырмыз» деп атап өтті әкім.



Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру