Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылорда: ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің баспасөз қызметі 27.02.2018 4048 0 пікір
Қызылорда: ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қала және аудан имамдарымен кездесу өткізді. Кездесу қасиетті Құран оқумен ашылды.

Жаңа жұмысына кіріскен өкіл имам ең алдымен өкілдікке қарасты аудан, қала, ауылдық округ, кент мешіттерінің бас имамдарымен танысып, кейбір мешіттердің шешілмеген мәселелерін талқылады.

Келесі кезекте Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бірқатар бастамалары мен тапсырмаларына тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

Атап айтар болсақ, биылғы 2018 жыл «Ислам және отбасы жылы» деп аталғандығын тілге тиек етті.

Аталмыш жыл аясында  «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігіндегі отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары» тақырыптары бағытында  әртүрлі шаралар мен жобалар бастау алатын болады.

Сондай-ақ, отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, мешіттер жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын» ашу қажеттігін жеткізді.

Жиналыстың күн тәртібінде намаздың уақытылы өтуі, мешіттің тазалық жұмыстары, сенбілікті жүйелі ұйымдастыруды қолға алу, шәкірттер санын көбейтіп, сабақ беру кестесін бекіту, қайырымдылық шараларын күшейту сынды тапсырмалар нақтыланды.

Басты тапсырма ретінде мешіттерде аптасына 6 рет шәкірттердің діни сауаттылығын арттыру мақсатында сабақ жүргізу тапсырылды. Дәрістерді білікті мамандар «Фиқһ», «Ақида», «Сира», «Ахлақ» пәндері бойынша өтеді.

Және бір бастама орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің базасында, төменгі қабатта арнайы көлемді кітапхана ашылып, жамағат үшін қолжетімді болмақ. Жат ағымның алдын алу мақсатында жұмыстар күшейтіліп, насихаттау шаралары да жоспарға енгізілді.

Алдағы уақытта Құран оқудан ұйымдастырылатын облыстық жарысқа қатысатын шәкірттерді дайындау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Кездесу аясында имамдар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, қалалық «Қалмұхаммед ишан» мешітінің бас имамы, ұстаз Рысбай Дайрабай жаңа имамға имамдар атынан қызметіне сәттілік тіледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру