Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев Батыс Қазақстан облысында арнайы іс-сапарда болды.
Ақжайық жамағатына «Исламдағы көркем мінез» тақырыбында уағыз айтқан Алау Шайқымұлы:
«Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Көркем мінез – ол пайғамбарлардың мінезі, ол шыншылдармен ізгілердің мінезі. Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек»,- деді наиб мүфти.
Жұма намазын жаңа тағайындалған өкіл имам Еркебұлан Ибрагимұлы жүргізді. Намаздан кейін облыстық орталық мешітінің жанындағы «Ақсақалдар» алқасының орынбасары Ғұмар қажы Құрақов: «Қасиетті Ақжайық топырағына келіп, мешіт жамағатымен кездесіп, салиқалы уағыз айтқаныңызға үлкен алғыс білдіреміз, имандылық жолыңызға сәттілік тілейміз,-деп батасын берді.



Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру