ҚМДБ-ның Ақмола облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қажымұқан» спорт кешенінде Көкшетау қаласы мешіттері жамағаттары арасында спорттық ойындар сайысы өтті. Бұған облыс орталығындағы барлық үлкенді-кішілі мешіт жамағаттарының командалары қатысты. Кішкентай бүлдіршіннен бастап, ересек адамдарға дейін өз командалары үшін сегіз кезеңнен тұратын сайыста бақтарын сынады. Спорттық киімдерімен де ерекшеленіп, алғырлық пен жігерлік қасиеттері арқылы ойынның көрігін қыздырды.
Жарыс шымылдығы ҚМДБ-ның өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбиттің кіріспе сөзімен ашылды. Ол жамағаттың бірлігін жарастырудың маңызы жайлы әңгімелеп берді. Әділқазылар алқасының мүшесі, Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Осылай еліміздің Әнұраны орындалып, асқақ рәуіште жарыс басталып кетті.
Алғашқы сәлемдесу кезеңінде командалар әрқилы жолдармен өздерін таныстырды. Айтыстың суырып салма жанрымен де таныстырған командалар мол қошеметке ие болды. Одан әрі сайыстың негізгі бөлігі ширыға түсті. Бірде доппен, енді бірде теннис шарын жерге түсіріп алмау арқылы эстафеталық жарысқа ден қойған әр командалар ептіліктерін паш етті. Арасында жарыс қатысушылары логикалық сұрақтарды да шешулеріне тура келді.
Қапты екі аяғына киіп алып жарысқандар да көп ұпай алу үшін жандарын сала қимылдады.
Ал, арқан тартысқан кезде кімнің күші мен жігері мықты екені сарапқа салынды.
Жарыс қорытындысында бас жүлдені Краснояр кенті мешітінің «Қызылжар» командасы ұтып алды. Қалған жүлделі екі орынға Науан хазірет және Жақия қажы мешіттерінің «Жігер» және «Ихсан» командадары лайық деп табылды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға Алғыс хаттар, ал, жеңімпаз командаларға диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді. Соңынан Науан хазірет мешітінің асханасында дастархан жайылып, ас берілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақмола облыстық баспасөз қызметі
19.02.2018
3738
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру