«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы ұлттың рухани жаңғыру идеясына тоқталған болатын. Және оның ұлт мәдениеті мен тарихы, дәстүрі мен дініндегі озық тұстарын сақтай отырып, ескісін естісіне айырбастай білу, бәсекелестікке қабілеттілікті қалыптастыру, сананың ашықтығы мен білімге баса көңіл бөлу секілді алғышарттар арқылы жүзеге асатындығын жеткізген болатын. Соның ішінде, бала тәрбиесі жаңғыру мен жаңашылдықты ерекше қажет ететін үдерістердің бірі екендігі даусыз. Осы орайда, ҚМДБ-ның әйел-қыздар секторының облыстағы жауапты өкілі Диляром Бектаева мен ұстаз Бақыт Жансүгірованың бастамасымен өткен аптада қалалық әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығында «Салиқалы әйел – ұлт болашағы» тақырыбында арнайы семинар-тренинг өткізілді. Ақтөбе өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға барша ынталы қыз-келіншектер мен апа-әжелер қатысты.
Семинардың алғашқы бөлігінде психолог маман Ділдә Досымханова нәрестеліктен бастап бозбала шаққа дейінгі бала бойында кездесетін психологиялық ерекшеліктер, оның қалыптасуы, биологиялық және эмоционалды жастың айырмашылығы туралы баяндама оқыды. Баланың әр даму кезеңінде өз жасына сай әрекеттері болатындығын, оның қалыпты дамуына ата-анасының дұрыс қарым-қатынас жасауы тікелей әсер ететіндігін ескертті.
Бұдан кейін «Бала бойында көркем мінез қалыптастыру жолдары» тақырыбында сауалнама жүргізіліп, қатысушылар ой-пікірлерін білдірді. Қалалық орталық мешіттің ұстазы Бақыт Жансүгірова көркем мінез туралы тұшымды дәріс оқып, баланың өзіне деген сенім, жауапкершілік, әділдік, шыншылдық секілді қасиеттерін дамытудағы ата-ананың атқаратын рөліне тоқталды. Филология ғылымының магистрі Эльмира Әділханова «Тәрбие тамыры – салт-дәстүр» тақырыбында баяндама жасап, қазақы тәрбиенің негізі әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізден бастау алатындығын әдемі мысалдармен жеткізді. Кез-келген салт жоралғыларымыздың астарында жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару, ұят пен обал ұғымдарын ұғындыру секілді тәрбиелік мән-мағына жататындығын айтты. Дәріс соңында қатысушылар қосымша сауалдар жолдап, пікір алмасты. Сергіту сәті ретінде жұмбақтар жасырылып, тәрбие тақырыбында айтылған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер келтірілді. Кофе-брэйк ұйымдастырылып, тәтті тоқаштар мен түрлі дәмдер ұсынылды.
Семинар соңында ұстаздар Ақжарқын Жылысбаева мен Айнұр Мырзабаева мен сауат ашу курсы шәкірттері бала асырап алу тақырыбы төңірегінде пікір таластырды. Жақтаушы және даттаушы тарапқа бөлінген әр топ өз позицияларының дұрыстығын дәлелдеп, нақты фактілерді назарға ұсынды. Жетімге қамқор болу сауапты істерден екендігі тілге тиек етіліп, өзге де тұшымды ойлар айтылды.
Қатысушылар семинардан бала тәрбиесіне қатысты құнды мәліметтер алып, ұйымдастырушыларға шексіз ризашылықтарын білдірді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі
16.02.2018
4462
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру