Бүгінгі имамның кескін-келбеті заманауи талаптарға сай болуы керектігі Мүфтият бекіткен құжаттарда да айшықтала жазылғанын білеміз. Бұл мешіт қызметкерінің қызметі бес уақыт намаз оқумен және діни жоралғыларды өткізумен шектелмейтінін көрсетеді. Әсіресе, имамдардың халыққа жақындауы үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жүргізуі де маңызды екенін көреміз.
Науан хазірет мешітінің бастамасымен ұйымдастырылған семинар-тренинг негізінен имамдардың мақала жазу және әлеуметтік желілерде пікір айту мәселелерін қозғады. Семинарды ашқан ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит өз сөзінде көпшілік насихат шараларын жандандырудың жолдарын тілге тиек етті. Одан әрі сөз осы шара меймандарының бірі – қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевке берілді. Ол имамдарға адамдарды діни құндылықтармен сусындату үшін бұқаралық ақпарат құралдары арнасын кеңінен пайдаланудың қажеттігін баса айтты. Қазіргі оқырман ұзақ сонар жазбаларды оқымайды. Таза діни және шариғи тәсілмен жазылған мақалаларды оқудың оқырман үшін қиындығын да атап көрсетті.
Имам қызметкерлердің газеттерге мақала жазуға келгенде белсенділігі өте төмен екенін де жасыра алмасақ керек. Ал, облыстық «Арқа ажары» газетінің жауапты хатшысы Қалкөз Жүсіп имамдарға мақаланы қалай жазу керектігін үйретті. Шағын хабардың құрылымын жоспарлау, көлемді мақала жазуға жаттығу оңай еместігі анық. Бірақ, батыстың бір ғұламасының даналығымен бөліскен ол күн сайынғы қам-қаракетін күнделік ашып, жазып отыру арқылы да жазуға машықтануға болатынына мысалдар келтірді. Кез-келген адам алдына мақсат қойса, оған жете алады. Ал, жалқаулық желкеден тартып, адымыңды алға бастырмаса, әрине, діттеген ойыңды жүзеге асыру қиын.
Қалкөз Жүсіп бүгінгі ақпарат арнасында ғаламтордың алдыңғы орынға шыққанын еске салды. Әртүрлі жат ағымдағылар осы желіні қолданып, қатарын көбейтіп жатқаны да шындық жай. Имамдар да бұл үрдістен сырт қалуға тиіс емес. Науан хазірет мешітінің баспасөз хатшысы Бақыт Смағұл алдағы уақытта әрбір өңір имамы өз аймақтары бойынша хабар-ошар, мақала жазуға жоспар жасалып, болға қойылатынын өз сөзіне арқау етті. Себебі, дін насихатын уағызбен жеткізу бір басқа, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жолға қою маңызды болып табылады. Мешіттің өз сайты да жап-жақсы жұмыс істеп тұр. Енді өңір имамдарының бұл бағыттағы жұмыстары жанданса, діни насихатта артатын болады. Өкіл имам Қуаныш Сәбит мешіттің шақыруын қабыл алып, оқыту сабақтарын өткізген жергілікті газеттердің өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақмола облыстық баспасөз қызметі
09.02.2018
3093
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру