Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Аязды күндегі ізгі амалға толы бір күн

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша  баспасөз қызметі 01.02.2018 3568 0 пікір
Аязды күндегі ізгі амалға толы бір күн

Ата – ­бабаларымыз ұрпағына мұра етіп қалдырған тілі, діні, салт­ – дәстүрі, әдет­ – ғұрпы бар. Олар бір шаңырақтың астында тату­ – тәтті өмір сүрген. Ұрпағының бойында осы қасиеттердің болуын армандаған.
Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың қанынына сіңген дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық - адамгершілік белгісі. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Жомарт болу - өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай, Алматы облысы Ақсу ауданының бас имамы Манбетов Анарбай Тасболатұлының ұйымдастыруымен 6  іс-шара өтті.

Ең бірінші Ақсу ауданы, Көкөзек ауылындағы Қ.Терібаев атындағы орта мектепте жоғарғы сынып оқушылармен кездесу өтті. Онда дін мен дәстүр сабақтастығы бойынша және түрлі ағымдардың елімізге төндіретін зияндығы жайлы Талдықорған өңірі өкілдігінің наиб имамы Дәуітов Керімбек Сәрсенбайұлы және аудан имамы Манбетов Анарбай Тасболатұлы толық мағлұмат берді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Кездесуден кейін аудандық мешітте қайырымдылық шаралары жалғасты. 30 шақты тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға бір қаптан ұн таратылды. Артынан «Темірлан» кафесінде көп балалы 35 анаға арналып дастархан жайылды. Ол жерде ислам дініндегі бала тәрбиесі жайлы уағыз – насихат айтылып, аналарға азық – түлік берілді. Қайырымдылық шарасы аудандық орталық ауруханада жалғасып, емделіп жатқан науқас жандардың саулықтарын сұрап, Алладан тез сауығуларын тілеп, жеміс – жидектер мен тәттілер үлестірілді.

Қайырымдылықтың шарасының соңында «Ақ- Нар» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға дастархан жайылды. Аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, келген зағип жандар мен олардың ата- аналарының көңілдеріне қуаныш сезімін ұялатты. Оларға да тәттілер мен жеміс– жидектер және қомақты ақшалай көмек көрсетілді.

Содан кейін Е.Сиқымов атындағы орта мектеп– интернатында қыздар арасында волейболдан жарыс өтті. Жеңіске жеткен командаларға сыйлықтар мен марапат қағаздары табыс етілді.

Жаны жабырқау, көңілі жүдеу ата– аналар, көп балалы аналар мешіт қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл– күймен тарқасты.

Бір бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын! Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту  барлық азаматтың борышы. Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық, ағайын!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру