Қасиетті жұма күні Татарстаннан келген бір топ делегат облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітін зиярат етті. Набережные Челны қаласының имам-мухтасибі Альфис Гайфуллин бастаған делегация мешітіміздң сәулетімен танысу үшін арнайы келіпті.
Өкіл имам Төлеби Оспан бастаған мешіт ұжымы түбі бір түркі елінен келген меймандарды құрметтеп қарсы алып, мешіттің іші-сыртын толық аралатты. Барлық бөлмелерін, намазханасы мен асханасын жеке таныстырды. Мешіттің төменгі қабатындағы «Руханият» облыстық мұражайына да бас сұғып, ислам жәдігерлерімен, мешіт макеттерімен, Ақтөбе өңірінен шыққан дін қайраткерлерінің өмірімен танысты. Қазақтың ұлттық дәмдерінен де ауыз тиіп, мешіттің көз тартар сәулетін тамашалаған меймандар таңданыстарын жасырмады.
Имам-мухтасиб Альфис Гайфуллин өзінің алғашқы әсерімен бөлісіп: «Қазақстанға бірінші рет келуім. Сапарымыздың басты мақсаты - бұған дейін сәулетімен суреттен ғана көріп танысқан «Нұр Ғасыр» мешітін өз көзімізбен көру еді. Себебі жақында Набережные Челны қаласында жаңа мешіттің құрылыс жұмыстары басталды. Және бұл мешіттің сәулеті «Нұр Ғасырдікіне» ұқсас. Мешіт ішін аралау кезінде жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек, азық-түлікпен садақа үлестіретін арнайы орынның, неке бөлмесінің болуы менің ерекше назарымды аудартты. Жаңа мешіттің құрылысында осыны ескеретін болатынбыз.
Қазақ халқының қонақжайлығы жайлы көп еститінбіз, бүгін соған өзіміз де куә болдық. Бас имам бастаған барша мешіт қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бауырластығымыз ұзағынан болсын!» - деді.
Өкіл имам Төлеби Оспан Альфис Набиуллаұлына естелікке қазақи нақыштағы кәдесый тарту етті. Барлық меймандарға «Нұр Ғасыр» мешітінің кітабын сыйлап, ілтипат танытты. Меймандар да «нұрғасырлықтарға» татар ұлтының тәттілерінен ауыз тидіртіп, сый жасады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
nurgasyr.kz
06.01.2018
4215
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру