Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш болып өтті

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 06.12.2017 3693 0 пікір
Атырауда Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш болып өтті

Жексенбі күні Атырау халқы Мәуліт мерекесін салтанатты жағдайда атап өтті. «Мәңгілік өнеге: Әз Мұхаммед Мұстафа» атауымен өткен рухани кешті Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі, орталық «Иманғали» мешіті ұйымдастырды.

Рухани кешке Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев арнайы қатысып, діни мерекенің қоғам өміріндегі роліне тоқталды. «Тарихи деректерді сараласақ, сонау қасіретті жиырмасыншы жылға дейін елімізде 11 мың мешіт болған екен. Отарлау кезеңінде біз бұл көрсеткіштерден ажырап қалдық. Тәуелсіздік жылдарында асыл дініміз ортамызға қайта оралып, елімізде үш  мыңға жуық мешіт тұрғызылды. Атыраудың өзінде 29 мешіт бар» деп атап өтті басқарма басшысы.

Мүфтият өкілі орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Мәуліт мерекесінің мәніне тоқталды. «Рамазан айының қасиетті болуы – бұл айда Алла Тағала Құран түсірді. Ал, Мәуліт айында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келді. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге, әлемге нұр келді. Пұтқа табынушылық, қараңғылық дәуірі өтіп, мұсылмандар ислам дінін қабылдады. Алланы таныды, негізгі құндылықтарды ұғынды» деп атап өтті бас имам. Батыржан қажы Берденұлы мұсылмандарға қашанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адалдығы, жанашырлығы, көркем мінезі, кешірімшілдігі, рахымдылығы үлгі болуы керек екендігін айтты. 

Махамбет атындағы қазақ драма театрында күндізгі және кешкі мезгілде өткен рухани шараға халық көп жиналды. Ине шаншырлық орын болмаған залда «Өнер қырандары» театры түрлі тақырыптарға арналған қойылымдарды ұсынып, көрерменге ой саларлықтай тағылымды әңгімелерімен ерекшеленді. Интернеттен «білім» алып, жат ағымға өткен жігіттің қасіреті, ата мен немере арасындағы тағылымды әңгімеге құрылған қойылымдар көрерменнің ерекше қолдауына ие болды.

Кеш барысында Мәуліт жыры оқылып, илләһи әндер орындалды. Сондай ақ, көрермендерге "Адамзаттың асыл тәжі" атты кітап тегін таратылды. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру