Ананы, жалпы әйел затын қадірлеу мәдениеті - Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі. Қазақ халқының руханиятында ананың қоғамдағы орны да ерекше. Отбасының ұйытқысы болған ананың бала тәрбиесіндегі алар орны да орасан зор.
Бүгінгі таңда жастардың дін жолына бағыт бұрғаны баршаға аян. Дегенмен, теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да жоқ емес. Осының алдын алу бүгінгі күннің басты талабы.
Міне, осы орайда, үстіміздегі жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында Алматы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Ауесханұлы мен Дін істері басқармасының қолдауымен және «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Алматы қаласының 8 ауданы, 21 мешітінде әйелдер жамағатына арналған 32 семинар өткізілді.
Дәстүрлі емес діни ағымдар туралы мәлімет беру және алдын алу, әйел адамдарға қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында өткізілген іс-шараларға Алматы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Ауесханұлы, Орталық мешіттің наиб имамы Әшімов Қасым, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Сейдманов Оралхан, Алматы Әйелдер-қыздар секторының басшысы Ахметова Маржанқыз, заңгер Айнақұлов Санат қатысты.
Аталмыш шараларда дін мамандары имандылық, жат ағымнан сақтану, білім алу, әйелдің Исламдағы мәртебесі, бала тәрбиесіндегі орны жайлы уағыз-насихаттарын айтты.
Сонымен қатар, кездесулерге қоғам қайраткерлері де қатысты. Атап айтар болсақ, әйелдер жамағатының салт-дәстүр насихатшысы, танымал педагог, әрі танымал жазушы, әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының ең алғашқы еңбек ері Миразова Аягүл Төреқызы. Кездесу барысында ұлт жанашырлары өнегелі өсиеттері мен қазақ қыздарының тәрбиесі, әйелдердің өнегелі істері, отбасылық құндылықтар жайлы ойларымен бөлісті.
Ал бүгін Алматы Орталық мешітінде өткен қорытынды кездесуге ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы мен ҚМДБ-ның Әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Тілегенова Ақбөпе ханым арнайы келіп жамағатпен жүздесті.
Іс-шараға қатысқан әйелдер жамағаты кездесу кешінен жақсы әсер алып, көкейлерінде мазалап жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алғандарын айтып, ұйымдастырушыларға және Алматы "Әйелдер-қыздар" секторының басшысы Ахметова Маржанқызға ерекше ризашылығын білдірді. Әрі алдағы уақытта осындай пайдасы мол кездесулердін көптеп ұйымдастырылуын сұрады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі.
27.11.2017
3914
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру