Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақмола: Зияткер имам болу — бүгінгі күннің басты қажеттілігі (ФОТО)

21.11.2017 3677 0 пікір
Ақмола: Зияткер имам болу — бүгінгі күннің басты қажеттілігі (ФОТО)

Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешітінде "ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы" деген тақырыпта облыстың аудан-қалам имамдары және ауыл молдалары қатысқан алқалы жиын болып өтті.

Бұл форумда қазіргі имамның заманауи тұлғасын қалыптастыру мәселесі талқыланды. Биылғы жылдың сәуір айында республикалық имамдар форумында арнайы тұғырнама қабылданған еді. Онда дін қызметкерлерінің біліктілігімен бірге, қоғам алдындағы беделін көтеру аса қажет екені айтылған-ды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде имам адамның қызметі бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейтінін, басқа да діни қызметтерді ұйымдастыруда үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті.

Жиналған қауым алдында облыс имамы Қуаныш Сәбит сөз сөйлеп, имам адамның бітімі мен болмысы қалай болу керек деген сауал төңірегінде ой қозғады. Сонымен бірге, "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Бақыт Смағұл баяндама жасады. Ол бүгінгі имамның мінез-құлқы мен басқа да сипаттары жайында әңгіме айтты. Мысалы, имамның кішіпейіл, мейірімді, ізетті, сабырлы болуы керек екенін даралар ұғымымен жеткізуге тырысты. Бұдан басқа, қызғаншықтық, жалқаулық, тәкаппарлық сияқты теріс қылықтардан аулақ болу керектігін еске салды.

"Халал стандарты" және "Зекет" қоры бойынша жауапты өкілдер Науан Мүтәлов пен Ерболат Шарипов те ойлы сөздерін ортаға салды. Жаназа рәсімдерін бір жүйеге келтіру жөніндегі ардагерлер ұйымы мен мешіттің бастамасы жайлы да мәселе көтерілді.

Соңынан "Насихат" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқаудың қорытындысы жария етілді. Арнайы комиссияның шешімімен Степногорск қалалық "Паң Нұрмағамбет" мешітінің бас имамы Алмас Әубәкіров жыл имамы атанып, оған 300 мың теңге сыйақы сертификаты табыс етілді.

"Насихат" қоғамдық бірлестігінің басшысы "Асар" қоры қаржысына облыстық мешітке шетелдік маркалы көлікті сыйға тартты.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру