Өткен аптада Алматы қаласы Медеу ауданында әйелдерге арналған қос бірдей семинар болып өтті. Тарқата айтар болсақ, Медеу ауданына қарасты «Райымбек батыр» мешітінде қарашаның 15-і, «Омар ибн Хаттаб» мешітінде қарашаның 18-і күндері Алматы қалалық «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Әйел адамдарға қатысты өзекті мәселелерді талқылау» мақсатында кездесу болды.
Семинарға «Нұр-Мүбәрак» Ислам университетінің ұстазы әрі докторанты Сейдманов Оралхан Рахматбекұлы мен заңгер Айнақұлов Санат Жұмабайұлы арнайы келіп, әйел адамдарға қатысты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, қазіргі кезең мен Ислам дінінің негізгі қағидаттары жайлы кеңінен әңгімеледі
«Райымбек батыр» мешітіндегі діни насихат тақырыбын есік қағып келіп қалған Әз Пайғамбардың туған күні Мәуліт мерекесіне арнаған Оралхан Сейдманов Алла Елшісіне деген сүйіспеншілік пен оның ізінен ерудің маңыздылығы жайында жан тебірентер уағыз айтты.
Ал «Омар ибн Хаттаб» мешітінде күнделікті өмірде бетпе-бет кездесіп жататын әр түрлі қиыншылықтар мен сынақтарға мойымай, имандылықпен төтеп бере білудің қажеттілігі турасында мазмұнды сөз қозғалды.
Уағыз-насихаттың соңы сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Заңгер маман Айнақұлов Санат әйелдер жамағатының сұрақтарына дін мен заңды ұштастыра отырып қанағатты жауап берді.
Шара барысында мемлекетіміздегі зайырлық қағидаттары мен шариғат талаптарын үйлестіру, көркем мінез-құлық пен жұмсақ мәміле жайлы байыпты ойлар ортаға салынды. Пікір айтушы әйелдер жамағаты қыз бала тәрбиесінің өзектілігін, ұрпақ тәрбиесі үшін, яғни ел болашағы үшін әрқашан аналардың орыны ерекше екенін, сол себепті осындай білім шыңдайтын шаралардың жиі өтіп тұруы қажеттілік екенін айта келе, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Келелі кездесудің соңында «Райымбек батыр» мешітінде жамағат пен семинар қонақтарына арнап ақ дастархан жайылды.
Алматы қаласы Орталық мешіті мен Дін Істері жөніндегі Басқарманың қолдауымен және «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Алматы қаласының 8 ауданы 21 мешітінде өткізілуі жоспарланған 32 кездесу өз мәресіне жетуге таяп қалды. Медеу ауданы бойынша осымен барлығы үш кездесу болып өтті.
Бұл семинарларға аудандағы «Райымбек батыр», «Фатима», «Омар ибн Хаттаб» мешіттерінің «Діни сауат ашу курсы» шәкірттері, мешіт жамағаты мен қонақтар қатысып, сертификаттар табыс етілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Әділова Шынар, «Райымбек батыр» мешітінің ұстазы
20.11.2017
3680
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру