Павлодар орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті әйелдер-қыздар секторының ұйытқы болуымен діни курсқа қатысып жүрген шәкірттер арасында психологиялық тренинг ұйымдастырылды.
Жат ағымдардың арбауына түспеудің әдіс-тәсілдеріне арналған тренингті Павлодар облысы дін істері басқармасының конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова өткізді.
Гүлназ Мақсұтқызының айтуынша, әртүрлі кереғар ағымдардың өкілдері дәстүрлі діндегі жастарды өз қатарына тарту үшін әртүрлі психологиялық техникалар қолданады. Сондықтан жат ағымдардың айлаларына қарсы тұрып, төтеп беру үшін қыздарымыз психологиялық қорғаныстың әдістерін меңгеруі тиіс.
Іс-шараға қатысқан ұстаз Қарлығаш Қажымәлікқызының шәкірт қыздары осы тренингтен алған тәлім-тәжірибелері өздерінің теріс пиғылды ағымдардың шырмауына түспеуге септігін тигізетінін айтып, ұйымдастырушыларға үлкен алғыстарын білдірді.

«Бүгінгі тренингтен алған əсерім өте жақсы деңгейде деп айта аламын, себебі, Гүлназ Мақсұтқызы қазіргі таңда түрлі діни ағымдардың айла- тəсілдерін ескерте отырып, олардан сақтану жолдарын көрсетті. Сабақ барысында өзіме керекті ақпаратты алдым жəне де қазіргі заманның сан түрлі қилы жолында еш асықпай мың рет өлшеп, бір рет кес демекші ойланып əрекет жасау керектігіне көзім жетті», - дейді Замира Байбакова.
Данахан Әлімхан кездесудің ашық әңгіме түрінде өткеніне риза болып, тренингтен кейін өте жақсы әсер алғанын жеткізді. «Көп жайғдайда біз іс байыбына бармастан жастықтың қызуымен шалыс басуымыз мүмкін. Осы әңгіме тренингтен кейін түсінгенім, ешқашан ақылсыз, тек көңіл еркімен білімсіз қадам жасамау керек, айналамен әрдайым мейірімді қарым-қатынас жасап, өз-өзіңді сүю, өмірді қастерлеу керек екенін түсіндім. Біз асыл дініміздің ертеңін жалғаушы жас буын болашаққа нық қадам жасауымыз үшін жан-жақты білімді болуымыз керек. Ол үшін әрине біздің интеллектуалды, белсенді азаматтармен жиі ой бөлісіп, тәжірибе алуымыз өте маңызды, осы орайда мұндай трейнингтер жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Данахан.
Тренинг барысында шәкірт қыздар түрлі психологиялық ойындарға қатысып, күнделікті өмірдегі қарым-қатынастағы эмоцияларды талқылау арқылы күрделі жағдайларда ақылмен шешім қабылдауды үйренді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру